- Негізгі бет
- Музыка
- The Spirit of...
The Spirit of Tengri фестивалінің бүгіні мен ертеңі
Заманауи этникалық The Spirit of Tengri 2019 халықаралық фестивалінің басталуына он күннен аз уақыт қалды - шоу 25-26 мамырда Республика сарайының (Абай - Достық) алдындағы Абай алаңында өтеді. Музыкалық шоу Жастар жылын атап өту аясында Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен өтеді.
Alash Media Group медиахолдингінің бас директоры, фестивальге идея беріп, шабыттандыратын Батыр Қазыбаев жыл сайын өтіп жатқан шоуларда оны қатты таңғалдырған сәттер жайлы, шетелдіктердің фестивальді қалай қабылдайтыны, сондай-ақ, 2029 жылы бұл жобаның қалай өтетінін айтып берді.
Әлемнің 16 елінен 70-тен аса музыкант Алматыда өтетін The Spirit of Tengri 2019 заманауи этникалық музыка фестиваліне қатысады. Концерт 17:00-де басталады, кіру - тегін. Жобаның бас серіктесі - Salem Social Media.
Батыр Қазыбаевтың айтуынша, бұл фестиваль қатысушыларды іріктеу бойынша жоғары сапа көрсете білген әлем бойынша ірі этноалаң бола алды.
"Қазақстандықтар мен фестивальге Ресейден, ТМД елдерінен, Еуропа мен АҚШ-тан келген қонақтар мықты музыканттарды көру мүмкіндігіне ие болады. Біз оларды қазақтың дәстүрлі қонақжайлығымен күтіп аламыз және олар оны жоғары бағалайды. Мақсатымыз - әлемге еуразиялық музыканың мәдениетін көрсету.
Біз халықаралық тәжірибелер жүргіземіз - Гана, Голландия және Аустралия немесе Франция - Иран, Ирак - Норвегия музыканттарын араластырамыз. Осылайша музыкада жаңа бағыттар пайда болады. Музыканттар жаңа бағыт ойлап табады, содан біздің музыканттарда фольклорлық материалмен жұмыс істеу әдістерінің үлгісі пайда болады. Фольклорлық музыка - ол жанды музыка, ол музыка әлі гүлдене түседі. Осындай тәжірибелердің көбірек болғанын қалаймын, себебі фольклорлық музыканы классикалық музыкамен, джазбен, рок-н-роллмен немесе басқа да ұлттық фолькломен араластырғанда керемет дүние шығады!" - дейді Батыр Қазыбаев.
"Алайда біз қазақстандық музыканттарды та танымал еткіміз келеді. Қазақстандық топтар үшін бізде карт-бланш (бостандық). Қазақстандық музыканттарды халықаралық нарықта танымал ету біз үшін өте маңызды. Мысалы, осымен бірнеше жыл бойы өнер көрсетіп келе жатқан "Алдаспан" тобы Батыс елдерінде танымал. Бірақ бір топтың ғана танымал болуы аздық етеді. Тағы басқа да топтарды танымал ету керек", - дейді Батыр Қазыбаев.
Сондай-ақ, ол биыл The Spirit of Tengri фестиваліне қандай қонақтардың келетінін айтты. "Көрермендер бізге балаларымен және ата-аналарымен келеді. Бұл отбасылық мереке десе де болады. Жастар да көп келеді. Бақытты көрермендер. Бақытты ата-аналар. Бақытты балалар. Бұл өте күшті. Фестивальдің ерекше энергетикасы бар", - дейді Батыр Қазыбаев.
"Осымен қаншама жылдар бойы өткізіліп келе жатқан мерекеде мені таңғалдыратыны - ол қонақтар. Бірде фестиваль аяқталған соң қарасам алаңда бірде-бір қоқыс жоқ. Мәскеуліктер де сол кезде қатты таңғалған болатын. Бұл біздің көрерменнің деңгейі мен мәдениетін көрсетеді. Сондай-ақ, билеп жатқан көрермендердің қақ ортасында тұрып, медитация жасап тұрған әжей есімде. Бұл төзімділік пен интернационализм. Фестиваль сахнасындағы контент өте сапалы", - дейді Alash Media Group медиахолдингінің бас директоры.
Оның айтуынша, шоу өткен соң көрермендер әлеуметтік желілерде фестивальге алғысын білдіріп жатады. Фестиваль әлеуметтік желілерде жалғасып жатады. The Spirit of Tengri фестивалінің көрермендері өте адал, олар қандай ауа райы болса да шоуды тамашалауға келеді дейді.
"Ең бастысы - сапалы шоу болады, ешкімді де зеріктірмейді. The Spirit of Tengri әрдайым дүниежүзілік фестивальдерге, көрмелерге қатысып жүр. Онда тұрақты орын алып, музыкалық қоғамдастықтың мүшесі атанды. Енді он жылдан кейін The Spirit of Tengri ірі халықаралық мәдени хабқа айналатынына сенемін. Сондай-ақ, жоба аясында бірнеше елдің музыканты жиналады. Бұл жоба аясында әртістер тәжірибе жасауға жасқанбауы керек, сондай-ақ, олар өнерлері арқылы әлемнің кез келген жеріндегі адамдарды таңғалдыруына мүмкіндіктері бар. Фестиваль бір жүйеге түсіп, музыкада, кинода, IT-технологияда тренд жасап отыруы керек", - деді Батыр Қазыбаев.
Сондай-ақ, Батыр Қазыбаев The Spirit of Tengri жобасының серіктестеріне алғысын айтты. "Осымен бірнеше жылдар бойы фестивальді өткізуге Kaspi.kz мен Magnum Cash&Carry қолдау көрсетті. Біздің биылғы бас серіктесіміз - Salem Social Media компаниясы. Компания қазақстандық медиаконтентті жасап шығарады. Өзінің контенті бар мемлекет өте мықты болады. Бізде талантты адамдар көп, көрермендеріміз бар, сондықтан біз жақсы әрі сапалы контент ойлап табуымыз керек. Осыған байланысты фестивалімізде тек жанды дауыс орындалады. Музыкантар халық әндерін жанды дауыспен орындайды, бірақ барлығы заманауи сарында", - деді Батыр Қазыбаев.
Мұның алдында фестивальға Ethno5 және Ashina тобы, әзірбайжандық Natig Rhythm Group тобы, үндінің The Raghu Dixit Project тобы, тывалық Радик Тюлюш, Svjata Vatra эстон-украин тобы, мажарлардың Kerekes Band тобы, сондай-ақ, мозамбиктің Childo Tomas ұжымы өнер көрсететіні анықталған еді. Сондай-ақ, Өзбекстан, Мали, Нигер Республикасы, Алжир, Грузия, Мысыр, Иран және АҚШ елдерінен музыканттар келеді деп жоспарланған. Фестиваль қолдаушысы - Tez Tour Kazakhstan туроператоры, ал KZ Sound компаниясы техникалық қолдау көрсетеді. Фестивальдің ресми суы ‑ Samal. Қонақтарды Salben Club кешені күтіп алады.
The Spirit of Tengri халықаралық мультимәдени жобасын 2012 жылы Tengri FM ұлттық қазақстандық радиостанциясы құрған. Тамаша музыкалық қойылымның мақсаты ‑ қазақстандықтар мен еліміздің қонақтарын Ұлы дала және бүкіл әлем халықтарының мұрасымен таныстыру.
Жоба ұлттық ауқымдағы мәдени бренд мәртебесіне ие. Фестивальді ұйымдастырылып жатқалы 120 мыңнан аса адам тамашалаған.
The Spirit of Tengri жобасы аясындағы концерттер - ақпараттық көркем материалдар мен видео контентпен сүйемелденетін жарқын, әсем музыкалық шоу. Сондықтан, оларға тек ойын-сауық емес, білім беру сипаты да тән. Жыл сайын The Spirit of Tengri сахнасына әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған танымал әртістер шығады. Фестиваль өтіп келе жатқан уақыттан бері 80-нен аса елдің белгілі музыканттары мен ұжымдары қатысып шықты. Фестиваль командасы отбасы мерекесінің ерекше атмосферасын туғызып, онда Алматы тұрғындары мен қонақтары асқан қызығушылықпен жиналады. Олар жәрмеңке аралап, этникалық шеберлер қалашығын тамашалап, киім, музыкалық аспап және ескерткіштер сатып ала алады. Концерт real-time режимінде кең форматты LED-дисплейлерінде таратылып, онлайн-алаңдарда тікелей эфирге шығады.
Алдыңғы жылдары фестивальді Kaspi.kz пен Magnum Cash & Carry қолдаған болатын.
А. Оралқызы