- Негізгі бет
- Музыка
- The Spirit of...
The Spirit of Tengri фестиваліне 7 күн қалды. Сахнада кім өнер көрсетеді?
VI Халықаралық заманауи этникалық The Spirit of Tengri музыка фестиваліне Нигер Республикасынан келген EZZA тобы, Франциядан келген YELÉ тобы, сондай-ақ, Steppe Scape ("Еуразия жұлдыздары") жобасы қатысады. Жаздың басты оқиғаларының бірі 2-3 маусымда Алматыдағы Респубика Сарайының алдындағы Абай алаңында өтеді.
EZZA триосының музыканттары заманауи рок дыбыстарды африкалық ырғақтармен, транспен және грувпен араластырады. EZZA-ның осындай әндерін кейде "Сахараның заманауи дыбысы" деп те атайды екен. Бұл ұжым осы күнге дейін екі альбом шығарған - ABADAYA ("Білім алу", 2014 жыл) және ALKHER ("Әлем", 2015 жыл).
Топ жетекшісі вокалшы Adam Goumour-дың даусы гитараның дыбыстарына ұқсас келеді. Ол Нигер Республикасында дүниеге келген. Бала кезінен бастап Tinariwen және Takrist Nakal топтарының әндерінен шабыт алған. 2010 жылы Францияның Тулуза қаласына көшіп келген соң ол топ ашпақшы болып, бас стилінде ән орындайтын Menad Moussaoui мен барабанда ойнайтын Stéphane Gratteau есімді адамдарды шақырады. Олар Нигер елінің мәдениеті мен туарег халқы жайлы әндер орындайды.
"Топ 9 жыл бұрын ашылған, 2009 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Екі альбомы бар, қазір үшіншісін дайындап жатырмыз. Топты Ezza деп атаумыздың себебі - әліпбидегі соңғы әріп бізде Tifinagh, ол дегеніміз бостандықты сүйетін адамдар мен қарсыласудың символы. Бұл атау біздің тобымыздың философиясын көрсетеді, яғни, әділетсіздік пен қатыгездіктің қарсыласуы және әлемде бейбітшілік пен бостандықтың орнатылуы. Музыкамыздың стилі - дәстүрлі африкалы музыка, менің туған жерім - Нигер Республикасының әні. Блюз бен рок араласқан", - дейді Adam Goumour.
"Әлемді аралай отырып, музыканың түрлі мәдениеттерін көріп жүрмін. Түркі әндерімен таныспын, бірақ енді мен түркі халқының мәдениетімен жақын танысқым келеді. Әзірше ол жайлы аса білмеймін. Ол өте қызықты, бірегей және өзіндік ерекшелігі бар мәдениет деп ойламын. Түркі музыка мәдениетінің ислам музыкасымен ұқсастықтары өте көп. Өзім Нигерде дүниеге келдім, елімізде осындай мәдениет бойынша тәрбиеленген мұсылмандар көп. Сондықтан маған сіздердің мәдениетіңіз, сіздердің дәстүрлеріңіз мен менталит өте жақын", - дейді музыкант.
YELÉ бірегей триосы грувпен ән орындайтын топ ретінде белгілі. Олардың музыкасы дрейфтен құралған. Топ әншілері N'Goni (Батыс Африканың ішекті аспабы), диджериду мен гитара аспаптарында ән орындайды. Мультиаспаптармен өнер көрсетіп жүрген трио 2016 жылдың мамырында пайда болған.
YELÉ тобының негізін қалаушылардың бірі Фасо Losso Keïta (Chant, N'Goni аспаптарында ойнайды). Ол балалық шағында дәстүрлі аспаптарда ән орындаған. Кейінірек ол Францияға көшіп кеткен.
Сондай-ақ, бұл топта голландиялық музыкант өнер көрсетеді. Jasper Werner Францияда бұрыннан бері тұрады екен. Музыкант әлемнің танымал тұлғаларымен бірге қызмет еткен, мысалы, саксофоншы Стив Вольфпен, үндінің белгілі скрипкашысы Прасад Мишрамен жұмыс істеген.
"YELÉ атауы "нұр, сәуле" дегенді білдіреді. Біз осы музыкамыз арқылы тыңдармандарға нұрымызды шашқымыз келеді. Бүгінде тобымыз бір альбом шығарды. Ол альбомдағы композицияны фестивальде ести аласыздар. Жалпы, біз музыкамызды басқа музыкамен салыстырмаймыз. Біз дайындайтын музыка өзгеше. Тобымыздағы музыканттар түркі халқының музыкасымен аса таныс емес. Бірақ мен ол жайлы білемін. Қазақстанға келгеніп, осындай ауқымды The Spirit of Tengri фестиваліне қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Музыкамызды Қазақстан халқына таныстыра алғанымызға қуаныштымын", - дейді Jasper Werner.
Топта өнер көрсететін тағы бір музыкант Кот-д'Ивуар елінің тумасы Djeke Isaac Koffi (электрлік гитара, акустика, бас). Djeke Isaac Koffi да танымал тұлғалармен жұмыс істеген - Burkinabe, Awa Melone, King Faya, Zêdess, Dicko Fils, Ibrahim Keita. Ал 2016 жылы ол Францияға көшіп кетіп, джаз консерваториясын аяқтаған.
Steppe Scape - бұл бірегей шығармашылық ұжым, ол әсіресе Батыс әртістері арасында танымал: мысалы, әнші Намгар (Namgar Project, Бурятия), Роберт Юлдашев (Kuraisy Group, Башкортостан), Радик Тюлюш ("Хуун Хуур Ту", Тува) және Анжела Манукян ("Волга", Москва). Биыл жобағы немістің белгілі соло-гитарисі Frederic L'Epee қосылды. Музыкант бұл топта заманауи рок музыканы алып келеді. Осы құраммен олар алғаш рет Алматыда өнер көрсетеді.
Көмей ән айтатын Радик Тюлюштың айтуынша, Steppe Scape жобасын жүзеге асыру туралы идея бұрыннан келе жатқан. "Түрлі фестивальдерде, концерттерде өнер көрсетіп жүр, осы жайлы ойладық. Сосын жоба құрудың жақсы идея екенін түсіндік. Бұл жобада біз ethno-world жанрының үздік орындаушыларын біріктірдік".
Радик Тюлюштың айтуынша, Steppe Scape жобасының мақсаты - адамдарды табиғатты қорғауға, аялауға шақыру. "Біз өзіміздің музыкамыз арқылы адамдарды жақсылық жасауға және бейбіт өмір сүруге шақырамыз".
VI Халықаралық The Spirit of Tengri фестивалі 2 және 3 маусымда Алматыда Респубика Сарайының алдындағы Абай алаңында өтеді. Концерттердің басталуы - 17:00. Кіру тегін. Қонақтарды сапалы, дәстүрлі жанды әуендер, ғарыштан көрінетін жарық түсірілетін әдемі, күшті, жанды шоу күтіп тұр. Оның үстіне әрине көптен келе жатқан "отбасылық" жылылық бар.
Фестиваль Алматы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Жобаның бас серіктесі - Magnum Cash&Carry желісі. Tez Tour Kazakhstan тур операторы да қолдау білдіреді. Қонақтарды "Қазақстан" (Hotel Kazakhstan) қонақ үйі қарсы алады. Фестивалге техникалық қолдау білдіретін KZ Sound компаниясы.
The Spirit of Tengri - қазақ жерінде әлемнің этникалық дәстүрін көрсетуге бағытталған мултимәдени жоба. 2012 жылы ұлттық Tengri FM радиостанциясы бекіткен. Бес жылда 100 мыңнан аса қонақтар мен көрермендер қамтылды. Оның сахнасына 30 елдің музыканттары өз өнерін көрсетті. Оның арасында түркиялық BaBa Zula тобы, қытай-моңғолиялық Hanggai ұжымы, мадиярлардың Tilla Török Band&Holdviola тобы, эстониялық TRAD.ATTACK! этнобэнді, грузиндік The Shin триосы, Башқұртстанның "Аргымак" тобы, бурят-фин-норвегиялық Nordic Namgar тобы, тывалық Радик Тюлюш "Чалама" жобасымен сахнаға шықты. Қазақстанның атынан "Алдаспан", "Шарапат", "Тиграхауд, Roksonaki топтары мен фольклорлық шығармашылығымен танылған мэтр Еділ Құсайынов та бар.
Еске салайық, осыған дейінгі жылдары фестивальдің басты серіктесі Kaspi.kz болды.
А. Оралқызы