- Негізгі бет
- Музыка
- The Spirit of...
The Spirit of Tengri фестивалі туралы бірер сөз
Өткен апта алматылықтар үшін қуанышты күндермен есте қалды. Себебі маусым айының 6-7 аралығында "The Spirit of Tengri" фестивалі екі күн қатарынан өтті. Өткен жазбаларымызда біз сіздермен фестиваль тыңдармандарының алған әсерлерімен бөліскен болатынбыз. Енді фестиваль қатысушыларының жеке пкірлеріне кезек берсек. Сонымен, фестиваль қатысушылары қандай әсерде болғандығын білейік.
Хангай тобының солисі: Маған Қазақстан қатты ұнады. Біз моңғол халқы мен қазақ халқы көшпенді мемлекет болғандықтан екі елдің мәдениеттері өте ұқсас келеді. Мен мұны "The Spirit of Tengri" фестивалінен байқадым. Осы іс-шара екі ұлттың бірі-бірін жақсырақ тануға үлкен септігін тигізеді. Одан бөлек бір жерге бірнеше елдің мықтылары келіп, өздерінің әндерін орындайды. Бір сөзбен айтқанда фестивальдің әркімге де берері мол.
Әнші Чылтыс Таннағашева: Фестиваль менің көңілімнен толығымен шықты. Біз Нариман екеуміз әлеуметтік желі арқылы көптеген пікірді ортаға салып, біраз уақыт дайындалдық. Ал кейін мен Қазақстанға келгеннен соң барлық күш жігерімізді тек осы фестивальге жұмсадық десем өтірік айтпаған болар едім. Мен "The Spirit of Tengri" фестивалі басталғалы бері қатысып келемін, былайша айтқанда көз алдымда дамып, ауқымы кеңейіп келеді. Және де айта кетені, ұйымдастырушылар фестиваль сайын көп тәжірибе жинақтап, фестивальді әртүрлі қырынан танытуда. Меніңше, "The Spirit of Tengri" фестивалі дұрыс бағытқа түскен. Сонымен қатар, болашақта бұл фестиваль Қазақстанды танытатын бірден бір әлемдік деңгейдегі брендтердің біріне айналады деген ойдамын.
Trad.Attack эстон ұжымы: The Spirit of Tengri – керемет жерде өтетін, керемет фестиваль. Алматының ауа-райы өте жайма шуақ, ал тыңдармандары болса, өнерді бағалауға аса құмар. Егер келесі жылы бізді фестивальге шақырып жатсаңыздар, жол түсіп жатса міндетті түрде екінші рет келуге даярмыз.
The Spirit of Tengri - ең маңызды заманауи этникалық музыка фестивальдерінің бірі. Бұл Ethnoworld жанрында орындайтын әлем музыканттарының басын қосатын үлкен жоба. Фестивальді Tengri FM радиостанциясы ұйымдастырып отыр. Үлкен шара заманауи этникалық музыканттардың қатысуымен жыл сайын ашық аспан астында өткізіледі. Жоба мәдени мұраны насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Дәурен Қастеев (The Spirit of Tengri футболкалары дизайнының авторы): Мен бұрыннан бері суретшілік өнерге қызығамын. Қазір осы салады білім алып жатырмын. Бұған дейін әртүрлі кітаптардың дизайнын жасаумен айналысып жүрдім. Менің еңбегімді көрген соң The Spirit of Tengri ұйымдастырушылары маған хабарласып, фестиваль футболкаларының дизайнын жасауға ұсыныс білдірді. Мен бұл тапсырысты абыроймен орындап шықтым деп ойлаймын.
Жан Қастеев (The Spirit of Tengri фестивалінің рухани атмосферасын жасаушы): Бұл фестивальді ұйымдастыру идеясы ойымда 19 жыл бойы өмір сүрді. Міне, енді бұл ірі музыкалық шараның біріне айналуда. Шараның жақсы, сапалы өткеніне қуаныштымын, халыққа ұнады деген ойдамын.
Н. Нұрмаханұлы