- Негізгі бет
- Музыка
- "Телқоңыр" күйінің шығу...
"Телқоңыр" күйінің шығу тарихы
Телқоңыр – Сүгірдің күйі. Қазір домбыра үйірмелерінде үйретілетін кең таралған күйлердің бірі. Танымал күйдің тарихы да көбімізге таныс. Бірақ сол аңыз желісі мен тарихи жағдайдың растығы жайлы бірер сөз айта кеткеніміз артық емес.
Телқоңыр – қазақта бағзы заманнан келе жатқан қастерлі күйі. Күйші Таласбек Әсемқұловтың айтуынша, күйдің нұсқалары көп. Әр өлкенің өз «Телқоңыры» болған десек, артық айтқандық болмас. Күйдің аңызы, азын-аулақ ерекшеліктеріне қарамастан, ортақ нұсқадан өрбиді. Құлыны өлген биеге, енесі өліп жетім қалған құлын телінеді. Домбырашы күй тартады. Домбыра аңырамай, еркелеп шыға келді. Бейне қу шанақтан қызыл құлын кісінегендей болды. Жіңішке әсем әуен төгілді. "Тәйри-тәйри, тәйри-тай" деген нәзік те ерке дыбыстар сағалықтан бұғалыққа қарай өрлеп, бара-бара құлшына кісінеп кетті. Жансыз ағашқа жан бітті, ыңқылдады. Пернелер иіп, екі ішек еңірегенде көк бие қоса еңіреді. Артынша оқыранып, еміренді. Қоңыр құлынды иіскегенде жануардың көзі жасқа толып кетті. Бие күйге иіп, бөтен құлынды бауырына алады, ақыры өз төліндей көріп кетеді. Бұл көрініс Төлен Әлімқұловтың "Телқоңыр" әңгімесінде баяндалған.
Күйдің қысқаша тарихы, баяндайтын оқиғасы – осы. Осы күйден кейін Сүгір "Шалқыма" күйін шығарған көрінеді. Күй шерткенде де бірінен кейін бірін шертіп, қос күйді бірге алып жүрген екен.
Таласбек Әсемқұловтың күйдің тарихы жайлы айтқанда, бұл күйді бала күнінде көп естігенін, алайда оның шығу тарихы мен биенің төлді музыкамен телігеніне сенбейтінін де қоса айтады екен. Алайда қазақ тарихы мен салт-дәстүрін, мифологиясын зерттеген ғалым күйдің тарихына сенбегенін, оны ғажайып аңыз деп қабылдағаны ағаттық екенін кейін түсінген екен.
Малдың музыкамен төлге иійтінін көзбен көрген. Оқиға Моңғолияда болыпты.
"90-шы жылдардың басында теледидардан бір ғылыми-көпшілік фильмді тамашаладым. Орыстың этнограф-фольклоршылары Моңғолияда түсірген екен. Фильмнің басында бір орыс әйел, қазір сіздер моңғолдардың енесі өлген ботаны басқа түйеге қалай телитінін көресіздер деді. Жүгіріп барып теледидардың алдына отыра қалдым. Моңғолдар ботаны әуелі түйеге құр теліп көрді. Алайда түйе адыраңдап бөтен төлді маңайына да жолатпады. Содан соң, моңғолдың қобызға ұқсас хур деген аспабы алдырылды. Хуршы қобызын түйенің өркешіне іліп, шалғымен ішекті ақырын сүйкеп, желдің ызыңдағанына ұқсас дыбыстар шығара бастады. Түйе аз тұрып, содан соң дыбысқа елеңдей бастады. Күйші өте шебер екен. Ызың ақырындап әдемі күйге айналды. Содан сой күйші хурды өркештен алып, енді малдас құра отырып, күйді бұрынғыдан әрі егілтті. Міне, қызық! Бір кезде түйенің аузы дөңгеленіп, көзінен моншақ-моншақ жас төгілген. Осы кезде оператор камераны түйенің желініне тақау апарған. О, керемет! Желіннің үрпінен баданадай бір тамшы сүттің шыққаны анық көрінді. Содан соң тағы шықты. Жерге тамды. Тағы шықты. Осы кезде моңғолдардың біреуі ботаны әкеліп тели қойған. Ағыл-тегіл жылап тұрған түйе бөтен ботаны өркешінен аймалап, құйрығынан иіскеді. Мен сол күні әруақтардан кешірім сұрап, білгенімше дұға оқыдым" деп жазады Әсемқұлов естелігінде.
Музыканттың осы естелігінен күй тарихының рас өмірмен шынайы байланысты екенін анық көреміз.
Қ. Слямбек