29 қарашада Республика сарайында сағат 17.00-де «Тауларымызға көмектесейік» атты концерт өтеді. Онда қазақстандық 20 әнші өнер көрсетпек.
Биыл Медеудің ең әдемі тауларының бірі «Мохнатка» өртенген еді. Қасіретті оқиға елді елең еткізбей қоймады. Қараша айының басында Алматы қаласында «Тауларымызға көмектесейік» атты жалпықалалық қайырымдылық акциясы өткен. Бұл кездесуде бизнесмендер 126 миллион теңге қаржы аударып, «Жаңа Алатау» қоғамдық қорына құйған болатын. Дәл осы қоғамдық қор тау бетіндегі жасыл шөптердің бүлінбеуімен айналысады.
Алматы әкімінің қатысуымен өткен кеште Қазақстан Респуликасының халық әртісі Әлібек Дінишев сөз сөйлеп, еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен қайырымдылық концертін өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын.
Міне, 29 қарашада Республика сарайында қазақстандық жұлдыздардың өнер көрсетуімен «Тауларымызға көмектесейік!» атты үлкен концерт өтпек.
Концерт сағат 17.00-де басталады. Билеттерді Республика сарайының кассаларынан сатып алуға болады.
Ал ұйымдастырушылар концертке жиналған қаржы толықтай қайырымдылыққа жұмсалатынын ескертті.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: medeukomek.kz, news.delovoimir.kz