- Негізгі бет
- Музыка
- Тәуелсіздік жылдарындағы мәдени...
Тәуелсіздік жылдарындағы мәдени өмір белестері (Жалғасы)
Байқаулар белесі
90-жылдардың соңы мен жаңа миллениумның басына қарай отандық шоу-бизнес, жалпы алғанда, «төменшіктеу комплексінен» арылып, амбициямен әрекет етуге көшті. Қазақстандық орындаушылар қазақтілді, орыстілді деп екіге бөлінді. Фонограмманы жаппай қолдану етек алды. Отандық шоу-бизнес өкілдерін ынталандыратын «Алтын диск» сияқты сыйлықтар пайда болды, бірақ шынайы бәсекелестіктің дамымауы мұндай марапаттардың ғұмырын ұзаққа апармады. Алматыда өткен дәуір әндерін насихаттайтын ретрофестиваль өмірге келді. Республикалық «Жас қанат» байқауында жас талант Мәдина Сәдуақасова көпке танылды. «Бублики», «All Dавай», «Мюзикола», «Дервиши» топтары ең танымал ұжымдарға, Рахат Тұрлыханов тинейджерлердің піріне айналды. Батырхан Шүкенов «А`Студиодан» бөлініп, жеке қызметін бастады. Елде сапалы дыбыс жазу мен эстраданы биік деңгейге көтеруді көздейтін продюсерлік орталықтардың саны көбейді. Әуен нарығына цифрлы жүйе еніп, өнім сату деңгейі біршама құлдырады. Альбомдардың ғаламторға көшуімен бірге аудиобейне өндірісі саласында қарақшылық та қарқын алды. Зияткерлік меншікті қорғауды күшейту керектігі жиі айтылғанымен, тұтынушылардың 90 пайызы қарақшылық өнімдердің кемшілігін сезіне қойған жоқ. Ойын-тойларда өнер көрсету бизнестің негізгі тетігі ретінде қалыптасты. Көңілді тапқырлар клубтары дами түсті. Кейін Астанада КТК-ның республикалық лигасы ашылып, Астана.KZ ұлттық құрамасы халықаралық кубок шеңберінде өнер көрсетуге жол тартты. 2000 жылдардың орта шені өнер мен шоу-бизнестің жаңа белесі болды. Бір күндік жобалар нарықтан ығыстырылып, «Ұлытау» фольк-рок жобасы, «МузАрт», «Орда», «Жігіттер» сияқты топтар жарқын фигураларға айналды. Халықтық музыканы электронды ырғақпен ұштастыру кейінгі сәтті ізденістерге серпін берді. Заманауи безендіру құрылғыларымен жарақтандырылған сапалы сахналар пайда болды. 2002 жылы Юрмалада қайта жанданған «Новая волна» халықаралық жас орындаушылар байқауына Қазақстанның атынан Дильназ Ахмадиева сазгер Жанбота Тұяқбаевтың «Атамекен-ай» әнімен қатысып, көрермендер көзайымы атанды. 2003 жылы ел ішінен жас таланттарды іріктеу мақсатымен республикалық телеарналардың бірінде Superstar.kz жобасы қолға алынды. Ол Алмас Кішкенбаев, Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген, Қайрат Түнтеков, Мөлдір Әуелбекова, Нұржан Керменбаев сияқты жас әншілер тобының жолын ашты. Кейінгі жылдары осы өнерпаздардың ішінен «Новая волна» байқауына үздіктерді таңдау дәстүрі қалыптасты. 2003 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Ән мен әнші» бағдарламасы жаңа әндерді саралайтын дәстүрлі думанды концерт түрінде көрсетіле бастады. Бұл жоба қазақ эстрадасына жаңа есімдер мен жұлдызды жұптарды алып келді. Этникалық музыканы жаңғыртушы «Қоңыр» тобы – бағдарлама жетістіктерінің бірі.
2004 жылы Маржан Арапбаева Орталық Азия тарихында тұңғыш рет Халықаралық «Славян базары» байқауының ІІ жүлделі орнына ие болды. Голливуд әртістерінің қатысуымен түсірілген «Көшпенділер» фильмі тұңғыш қазақстандық блокбастер атанды. «Жұлдыздар отбасы» журналы мен шоу-бизнес әлемі жаңалықтарын жариялайтын басқа да бұқаралық ақпарат құралдары пайда болып, радио-телехабарлар көптеп ашылды. Қайырымдылық мақсатты көздейтін концерт-думандар өріс алды.
Жанды дауысқа жақындау
Бұдан кейінгі жылдары отандық шоу-бизнес әлемдік музыка бағыттарының қай түрі бойынша да жемісті еңбек ете бастады. Академиялық әуен мен халықтық музыка өкілдері дүниежүзіне танылып, Дильназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова сынды орындаушылар әлемдік деңгейдегі дыбыс жазу студияларымен қоян-қолтық жұмыс істеуге көшті. Еліміздің рухани астанасы атанған Алматыда жұртшылықты биік мәдениет пен әлемдік опера этикетіне баулитын Вена балы өмір салтына енді. Думанды бизнес өкілдерінің үлкен бір тобы көне түркі дәуірінен жеткен музыкалық мұраны насихаттауға ден қоя бастады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жанынан құрылған «Тұран» этнографиялық ансамблі келешегінен зор үміт күттіріп отыр. «Майра» продюсерлік орталығы отандық эстрадаға тың серпін беретін бірнеше жобаны қолға алды. Ұлттық телеарнадағы «Екі жұлдыз» думанды бағдарламасы көрермені көп жобаға айналды.
MuzZone 2009 сыйлығы бүгінгі шоу-бизнестің біраз тағдыр-талайды артқа тастап, біршама деңгейге көтерілгенін байқатты. Батырхан Шүкенов, Қыдырәлі Болманов бастаған кәсіби әншілер тарапынан фонограммаға шектеу қою керектігі айтылып, шоу-бизнестің алдағы мақсат-міндеттері айқындалды. «Қазақстан орындаушылар құқығын басқару қоғамы», «Демеу» продюсерлер мен орындаушылар одағы сияқты бірлестіктер ән бизнесіндегі авторлық құқықты заң жүзінде қорғауға қол жеткізді. R'n'B мен хип-хоп қазақша сөйлей бастады, жанды дауыспен ән айтатын жастар битбоксингті қолданатын болды. Ойын-сауық, думан бизнесін өнер атаулының жан-жақты салаларымен кіріктіре дамытуға қадамдар жасалып жатыр.
Суреттер on.kz, kazgazeta.kz сайттарынан алынған
Автор: тұрақты қолданушы Болатбек Мұхтар