- Негізгі бет
- Музыка
- Тәуелсіз Қазақстанға деген...
Тәуелсіз Қазақстанға деген сүйіспеншілік
16 желтоқсан күні тыңдарман қауымға «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында республикамыздың басты ұлттық мерекесі – Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты концерті ұсынылады.
Мерекелік кешке «Астана Опера» Симфониялық оркестрі, Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының халық аспаптар оркестрі және «Астана Опера» театры, Астана қаласының Мемлекеттік филармониясы, Қазақ ұлттық өнер университетінің құрама хоры қатысады. Дирижер – Руслан Баймурзин, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
Сахна төріне классикалық вокалдың хас шеберлері, «Астана Опера» театрының солистері, атап айтқанда – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина, Жанат Шыбықбаев, Жан Тапин, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айзада Капонова, Талғат Ғалеев, Болат Есімханов, Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Гүлжанат Сапақова, Мәдина Исламова, Назым Сағынтай, Елена Ганжа, Рамзат Балакишиев және т.б. шығады. Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына ұлттық музыка жауһарлары, опера классикасының жарқын туындылары, Қазақстан халықтарының әндері, сонымен қатар шетелдік композиторлардың танымал шығармалары ұсынылады.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды күн. Халқымыз үшін тәуелсіздіктің мәні зор, біз мемлекет дамуындағы жаңа белестердің басталуына куә болдық. Өз кезегінде, айта кетер болсам, осы жылдар ішінде қазақстандық мәдениет пен өнердің гүлденуін байқап келеміз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана да көреген саясатының арқасында бүгінде Қазақстан тұрғындарының алдында ғаламат болашаққа жол ашылған», - деді маэстро Руслан Баймурзин.
А. Оралқызы