- Негізгі бет
- Музыка
- Тартылыс күшінің орталығы....
Тартылыс күшінің орталығы. The Spirit of Eurasia фестиваліне Африка елінен музыканттар келеді
Еуразия - әлемнің тартылыс орталығы болып саналады, бұл жер үздіктерді тартады. Сондықтан да The Spirit of Eurasia 2019 Халықаралық заманауи этникалық музыка фестивалі де ең айтулы деген әншілерді әлемнің түкпір-түкпірінен өз сахнасына жинайды.
5-6 шілде күндері Нұр-Сұлтанда өтетін ғаламат музыкалық шоуға Mokoomba (Зимбабве Республикасы) және Childo Tomas топтары, сонымен қатар аттас топтың фронтмені (Мозамбик/Испания) келеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Шоу сағат 17.00-де басталады, фестивальге кіру тегін. Тамаша концепциясы бар шоу Нұр-Сұлтан әкімдігінің қолдауымен, Қазақстандағы жастар жылы аясында өтеді.
Қонақтарды Wyndham Garden Astana қонақүйі қарсы алады. Фестивальдің ресми суы - Calypso.
Mokoomba - Чинотимба, Виктория сарқырамасы, Зимбабведен шыққан топ. Бұл ұжым бірнеше тілде ән шырқайды. Айтар болсақ: ағылшын, тонга, нянджа, ндебеле және шона. Mokoomba тобында дәстүрлі және заманауи аспаптар үйлескен. Сонымен қатар халықаралық поп және пан-африкалық стиль де бар. Mokoomba атауы "Тонга" сөзінен шыққан. Бұл сөз Замбези өзеніне деген зор құрмет пен оның жағасындағы жарқын өмір бар екенін білдіреді.
"Бәріне сәлем! Біз Mokoomba тобымыз! Қазақстанға The Spirit of Eurasia фестиваліне келгенімізге қуаныштымыз. Бұл керемет фестиваль жайлы естідік, сондықтан сіздермен қауышуды асыға күтіп отырмыз! Сіздердің мәдениетпен танысуға мүмкіндік туғанына ризамыз. Сондай-ақ фестивальде көңіл көтереміз деп ойлаймын! Қазақстанның астанасында өтетін The Spirit of Eurasia фестивалінде көріскенше!", - деді топ мүшелері видео-сәлемдемеде.
Сондай-ақ африка құрлығынан келген қонақ - мозамбик-испан орындаушысы Childo Tomas өз өнерін көрсетеді. Оның шығармашылығында латиноамерикалық (Бразилия, Венесуэла және Мексика), еуропалық музыка (Испания) және төл африкалық әуендер бар. Мозамбиктік басист ұзақ уақыт дәстүрлі және Африканың түкпір-түкпіріндегі поп-музыканы, сондай-ақ Мозамбик әндерін зерттеген. Бастан бөлек Чилдо M'bira аспабында (африкалық ағаштан жасалған) асқан шеберлікпен өнер көрсетеді. Оған қоса бірнеше тілде де ән шырқайды.
"Сәлем Қазақстан! Менің атым Childo Tomas, мен Мозамбиктен келген бас-гитариспін. 5-6 шілде күндері өтетін The Spirit of Eurasia фестиваліне жаңа жобамен баратынымызды айтқым келеді. Барлығыңызды көруге асығамын, бірге ән шырқап, би билейік. Біз сіздерге өз музыкамызды сыйлағымыз келеді. Асыға күтеміз, 5-6 шілде күндері болатын The Spirit of Eurasia фестивалін өткізіп алмаңыздар", - деді музыкант.
The Spirit of Eurasia екікүндік музыкалық шоуы - 2012 жылы Tengri FM радиостанциясы негізін қалаған The Spirit of Tengri халықаралық жобасы отбасынан шыққан фестиваль. Бұл мультимәдени жобаның мақсаты - Қазақстанда заманауи EthnoWorld музыкасының ең танымал өкілдерін біріктіре отырып, ұлы дала және бүкіл әлем халықтарының мұрасын таныстыру. Дәстүр бойынша шоу Нұр-Сұлтанның ең басты open-air алаңында өтеді. Алаң "Бәйтерек" монументінің жанында. Шоу сағат 17.00-де басталады, фестивальге кіру тегін.
А. Оралқызы