«Тарих шежіресі» - Ақ Азиада ойындарына арналған күй

Қазақтың сиқырлы аспабы жетігенде көнеден бері ән айтып, күй шырқалып келе жатыр. Өшкен жанып, жоғалған табылған заманда қазақтың ұлттық аспаптарының бірі жетігенге де қызығушылық артып, оның сүйемелдеуімен небір әндер мен күйлер шығарылуда. Соның бірі - жетігенші Қорлан Картенбаеваның күйі «Тарих шежіресі».

«Тарих шежіресі» күйінің тұсауы 2011 жылы Азиада ойындарының ашылу салтанатында кесілген болатын. Ашылу салтанаты кезінде сахналық қойылымдармен қатар, алдын ала түсірілген бейнесюжеттер көрсетілді. Бейнесюжетте қазақ халқының болмысы, салт-дәстүрі, мәдениеті баяндалатын. Сол бейнесюжеттердің бірінде Қорлан Картенбаева жетіген аспабында «Тарих шежіресі» күйін орындайды.

Азиада ойындарының ашылу салтанатына орай ұлттық аспапта әуезді ән не күй жазылу керектігін ұйымдастырушылар сазгер Ринат Гайсинге айтқан екен. «Бұл әуен қазақтың болмысын көрсету керек» деп Ринат Гайсин көп ойланбастан, бірден Қорланға хабарласады. Қорлан мән-жайды түсінгеннен кейін жетігенмен әдемі әуен орындауға кіріседі. Әуелі жетігенге лайықталып шығарылған күйлерді тыңдайды. Оларды берілген тапсырмамен сабақтастырады. Алайда, ешбір күй сәйкес келмей, ешқайсысы көңілінен шықпайды. Осы кезде ол «Бар әлемнің назары ауатын ақ Азиада ойындарында шырқалатын күй тарих, ұлттық дәстүр мен мәдениетімізді айшықтауы тиіс» деген ниетпен музыка жазуға бел буады. Әуелі, қысқа импровизациялық шығарма туады. Кейін оны жетілдіріп, күй шығарады. Шығарма дайын болған кезде оның атауын жетігенші «Тарих шежіресі» деп атайды. Бір ерекшелігі бұл күй жеті ішекті көне жетіген аспабында орындалады.

«Тарих шежіресі» күйін Ринат Гайсинге тыңдатып, студияда жазғызады. Кейін ұйымдастырушылар бейнесюжет түсіруге көшеді. Осылай «Тарих шежіресі» күйі Азиада ойындарына тарту ретінде шығарылып, шырқалған.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: alekseenok.yvision.kz, baiterek.kz

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/yFnNsjpgu8w?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});