"Таңғы елес": Бұл өмірде ештеңе де мәңгі емес

"Таңғы елес": Бұл өмірде ештеңе де мәңгі емес

Көрермендерге Ақылбай ақсақалдың келіні болып танылған Айгүл Иманбаева бұл күнде қазақ эстрадасы мен кино, театр саласында өз орнын тапқан жарық жұлдыздардың бірі. Ән таңдауға үлкен жауапкершілікпен қатар, биік талғаммен қарайтын әншінің репертуарындағы әндердің басым көпшілігі махаббат лирикасы жанрында жазылған. Әйтсе де, әнші әрі актриса Айгүл Иманбаеваның ән қоржынындағы «Таңғы елес» әні ерекше орынға ие. Себебі, «Таңғы елес» әні талай тыңдарманның сүйікті әніне айналған. Бұл ән 2003 жылы жазылып, жарыққа шыққан бойда, ел арасында кеңінен таралады. Әсем әннің әуені мен сөздерінің авторы - Бауыржан Есебаев.

Бұл ән аты айтып тұрғандай, таң сәріде дүниеге келген екен. Сазгер тәтті ұйқы құшағында жатып, әсерлі түс көреді. Түсінде таулы аймақта сауық-сайран құрып, сүйіктісімен бірге гүл теріп жүріпті. Ұйқысынан оянған сәтте барлығы түс, таңғы елес екенін аңғарады. Осы кезде сазгер қолына қалам алып, әннің мәтіні мен әуенін жазады.

Ән дайын болған кезде, Айгүл Иманбаеваға ұсынылады. Әнші өз кезегінде бұл әнді шебер орындап шықты. Бұл әнге екі бірдей бейнебаян түсірілді. Алғашқы бейнебаянында әнші сахнадағы әріптестерімен бірге бой көрсетсе, екінші бейнебаянында жалғыз қалған, жүрегіне сая болар тылсым күшті іздеп жүрген жанның кейіпін сомдайды.

«Таңғы елес» әні Айгүл Иманбаеваның төлқұжаты іспетті. 2007 жылы әнші ең алғашқы жеке шығармашылық кешін «Таңғы елес» деген атпен өткізген болатын. Алғашқы күйтабағын да осы атпен шығарған.

Ән сөздері қарапайым болғанменен, оның астарында терең ой жатқандай. Расында да, бұл өмірде ештеңе де мәңгі емес. Қатты қыс артынан, күлімдеп көктем келіп, жадырап жаз шығып, күңіренген күз мезгілі де келіп жетеді.  Яғни, әнді тыңдау барысында, тек махаббат емес, өмірдегі басқа да дүниелердің мәңгі емес екендігін түсінуге болатындай. «Таңғы елес, бұл өмірде ештеңе де мәңгі емес» сөздері қалың көпшілік арасында үлкен мәтелге, атасөзге айналды. Әрі әнші, әрі актриса болған соң, Айгүл Иманбаева әнді тыңдарман жүрегіне жеткізе білді. Бәлкім, әннің танымал болуының сыры осында жатқан шығар?!    

Таңғы елес

Әні мен сөзін жазған: Бауыржан Есебаев

Орындаушы: Айгүл Иманбаева

Алдасаң да арбасаң да,
Қолдасаң да қорғасаң да,
Тым болмаса бір көрінші,
Ақ періштем анда-санда.
Сендей кімді ұнатайын?
Тыңдағанды жылатайын.
Тым болмаса бір көрінші,
Жүрегімді жұбатайын.

Қайырмасы:
Таңғы елес, таңғы елес,
Бұл өмірде ештеңе де мәңгі емес

Түнді түнге тұнғандайым,
Тұмарыңнан нұрланайын.
Тым болмаса бір көрінші,
Көзімді ашып-жұмғандайын,
Бақытымнан мұң жасадым,
Үмітімнен құм жасадым.
Бір көрінші саған арнап,
Жүрегімнен гүл жасадым.

Қайырмасы.


 Суреттер: kazstars.kz, kzmz.region.kz

Massaget