"Тамшылар" - "АБК" триосының бағын ашқан ән

Медеу Арынбаев, Қыдырәлі Болманов, Ерлан Көкеевтен құралған «АБК» триосының бағын ашқан «Тамшылар» әні жарыққа шыққан бойда талайлардың көңілінен шығып, ықыласына бөленді. Бұл ән атақты үштіктің бағын ашты. Ел арасында «Тамшылар» әні кеңінен тарала бастады. Әнмен бірге «АБК» триосының да танымалдылығы артты.

Сағыныш пен пәк сезімге толы танымал әннің өмірге келгеніне биыл 35 жыл толады екен. Сазгер Ахмедия Есмұханов бұл әнді алғашқы махаббатына арнаған. Түсіне сөз байласып жүрген қызы кіреді. Терезені қағып, өзіне шақырады. Бұл түстен сазгер оянып кетіп, таңға дейін осы түсті бірнеше мәрте көріп шығады. Оянып, терезенің жанына келгенде жаңбыр жауып, тамшылардың тамып жатқанын байқайды. Сазгер жүрегінің дүрсілі мен тамған тамшылардың дыбысы бір арнада тоғысқанын аңғарады. Сол сәтте «Түніменен тереземді тамшы ұрды» деген сөздер санасында оралып, бір аптадай айтып жүреді. Күндердің күнінде ол кітапханада отырып, ақын Өтеген Күмісбаевтың «Ақ моншақ» кітабын ашып оқиды. «Юность мейманханасында» деп аталатын өлеңді оқи бастаған сәттен-ақ, іздегенін тапқандай болады. Өлең жолдарындағы 1-2 сөзді ауыстырып, «Тамшылар» әнін жазады.

Ақын Өтеген Күмісбаев

Ал ән сөзінің авторы да бұл өлеңді сүйіктісіне арнаған екен. Ол кезде Өтеген Күмісбаев ғылым жолына түсіп, Мәскеу қаласына оқуға кетеді. Қонақүй бөлмесіне кіріп, терезені қаққан жаңбыр тамшыларын бақылай бастайды. Есіне Алматыда қалып қойған сүйіктісі түсіп, бірден қолына қалам мен қағаз алып, «Тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар» деп өлеңді жаза бастайды. Өлең дайын болған кезде, «Юность мейманханасындағы жаңбырлы түн» деп ат береді.

Өкінішке орай, ән сөзінің авторы біраз жылдар бойы қалың көпшілікке беймәлім болып келді. Көпшіліктің, оның ішінде жастардың арасында танымал боылп жүрген ән авторы барлық жерде Ахмедия Есмұханов деп жазылып, айтылып жүрді. Арадағы біраз қиындықтар мен айтыс сөздерден кейін Өтеген Күмісбаев өз өлеңін қайтарып алды.

«АБК» тобының 10 жылдық мерейтой концертінде екі автор шақырылып, алғаш рет бір-бірімен кездесті. Сол кеште көрермен қауымға ән авторлары таныстырылып, оларға қошемет көрсетілді.

Қалай болғанда да, өткен ғасырдың соңғы онжылдығында үздік әндердің біріне айналған «Тамшылар» әлі күнге дейін тыңдарман қауымның жүрегінде. «Жүректен шыққан жүрекке жетеді» дегендей, әннің танымал болуы екі автордың шығарма жазу барысында бір үйлесімдік тапқанында болар.


«Тамшылар»

Сөзін жазған: Өтеген Күмісбаев

Әнін жазған: Ахмедия Есмұханов


Түніменен, түніменен тереземді тамшы ұрды,
Түніменен айтып жатты жан сырды,
Түніменен, түніменен өзің жайлы түс көріп
Жұмыр басқа мазасыз ой сан кірді, сан кірді
Түніменен тереземді тамшы ұрды.

Тереземді ұрмаңдаршы тамшылар

Кірпігімнен, кірпігімнен қулап жатты тамшылар
Бәз біреулер бұған, сірә, таң шығар, таң шығар
Сені аңсаған, сені аңсаған көңілім бе еріген
Аңсаулардың моншағы да бар шығар, бар шығар

Іздейсің сен, іздеп жүрсің сабыла
Жанарыңнан арман оты жағылар
Өз жүрегің, өз кеудеңе сыймастан
Ұйықтай алмай шықтың ба әлде сағынып.

Кірпігімнен, кірпігімнен қулап жатты тамшылар,
Бәз біреулер бұған, сірә, таң шығар, таң шығар
Сені аңсаған, сені аңсаған көңілім бе еріген
Аңсаулардың моншағы да бар шығар, бар шығар.

Іздейсің сен, іздеп жүрсің сабыла
Жанарыңнан арман оты жағылар.
Өз жүрегің, өз кеудеңе сыймастан
Ұйықтай алмай шықтың ба әлде сағынып.

Тереземді ұрмаңдаршы тамшылар

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/GNwbn1bur2M?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});

Суреттер: megatorrents.org, writers.kz