әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «1-курс таланттары» көркемөнерпаздар байқауының қорытындысы шығарылып, марапаттау рәсімі мен гала концерті өтті. Кешке университет басшылығы мен оқытушылар және қатысушылар үшін жанын шүберекке түйіп келген жанкүйер студенттер қатысты.
Бұл байқаудың мақсаты жалынды жастардың жас дәуренін текке өткіздірмеу, жаман әдеттерден аулақ ету, бос уақыттарында әсерлі ән, көк нөсер күй, күмбірлеген домбыра, мың бұралған би әлемімен қауыштыру.
Биылғы жылы «1-курс таланттары» көркемөнерпаздар байқауының бірінші кезеңіне 1000-нан аса бірінші курс студенттерінің қатысуымен факультеттер деңгейінде өткізіліп, екінші кезеңге 300-ге жуық студент жолдама алды.
Кеш «Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар» деп танылған жеңімпаздарды марапаттаумен басталды. Университет ректоры студенттерді өнердегі жетістіктерімен құттықтап, алдағы уақытта да сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, жеңімпаз студенттерді «Эстрадалық ән», «Халықтық би», «Заманауи би» «Классикалық би», «Музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігі», «Театр өнері», «Жас ақын» номинациялары бойынша әлеуметтік даму жөніндегі проректор Ш.Е.Жаманбалаева, оқу жұмысы жөніндегі проректор У.С. Әбдібеков марапаттады.
Марапаттау рәсімінен кейін жүлдегер студенттердің қатысуымен концерт қойылды. Халықаралық қатынастар факультетінің студенті Бақытбекқызы Әлия Лара Фабиянның француз тіліндегі «Je taem» әнін нақышына келтіріп орындаса, «Фараби сазы» ұлт-аспаптар оркестрінің бірінші курстардан құралған жаңа құрамы Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін орындады.
«1-курс таланттары» байқауы көптің көңілінде қалар ерекшіліктерге толы болды. Әсіресе әр түрлі халық билерін билеп, бірден көзге түскен дарынды бишілер аз болмады. Биология және биотехнология факультетінің студенті Үмбеталиева Ләззат балет жанрындағы «Испан биі», Философия және саясаттану факультетінің «Танго» биі, Экономика және бизнес мектебінің «Mils Team» би тобының спорттық-балдық билерін ерекше атап айтуға болады.
Фестиваль аясында аспапта ойнау шеберлігімен көзге түскен студенттердің саны 100-ден асты. Соның ішінде география және табиғатты пайдалану факультетінің студенті Тойлыбаева Жазира А.Исаковтың шығармасы «Қазақ әуендерін» орындады. Скипкада ойнау да тыс қалмады...
Ал, «Бақыт» би-ансамблінің жаңа құрамы «Сирия» биін тарту етті. Сондай-ақ, өзінің зор дауысымен «академиялық ән» номинациясының жеңімпазы Химия және химиялық технология факультетінің студенті Кенжебеков Ахметханның орындауындағы «Подмосковные вечера» әніне және Нұрхан Өмірхан мен Байшина Фаризаның орындауындағы халық әні «Илигайға» көрермендердің қошеметі зор болды.
Кеш барлық жиналған қауымға қуанышты көңіл-күй сыйлады. Осымен өнер алаңында талантты тұлпарлардың тұсауы кесілді!
Жолдаған: ҚазҰУ-дың студенттер клубының жетекшісі, Әйгерім Әлімжанова
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер Университеттің жеке мұрағатынан алынды