Сырнай – қазақтың музыкалық аспабы. Гармонь, гармоника (грек тілінен аударғанда «үндестік», «үйлесімдік» деген мағына береді) клавишті-пневматикалық аспапқа ұқсас. Гармоньды 1822 жылы неміс шебері Ф.Бушман ойлап тауып, 1829 жылы өзгерістер енгізіп, аспапты жасап шығарған. Бұл аспап шыққан бойда өнерсүйер қауым арасында кеңінен таралып, тіпті, өзге түрлері пайда бола бастады. Сырнайға ұқсас аспаптар көптеген халықтарда кездеседі. Үн шығаруы мен аккомпанементтік тонның көптігіне байланысты оны аккордеон, баян, гармонь, сырнай деп атайды.
Қазақта аспаптың «сырнай» деп аталуы оның дыбыстық ерекшеліктері мен жасау тәсіліне байланысты қолданылады. Шағын гармонның көрігін қатты картон қағазбен қаптап, оны «қағаз сырнай» деп атап кеткен. Дыбыс диапозоны түймелерінің санына байланысты болады.
Алғаш рет сырнай аспабын оркестрге белгілі сазгер, музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов енгізген болатын. Қазіргі таңда, аспап ұлт-аспаптар оркестрлері мен ансамбльдерде қолданылады. Нәзік үні бар аспапта лирикалық туындылар орындалады.
Өкінішке орай, сырнай аспабы бүгінде жеке орындауда өте сирек кездеседі. Сондықтан да, бұл аспапты назардан тыс қалдырмау мақсатында музыка зерттеушілері мен орындаушылар кеңінен дәріптеуде.
Суреттер: caspionet.kz, sazgen-sazy.kz