- Негізгі бет
- Музыка
- «Сырласу» - қос...
«Сырласу» - қос ғашықты табыстырған ән
Қазақ эстрадасындағы жұлдызды жұптарының бірі - Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева. Жарық жұлдыздар өнер әлеміне бөлек-бөлек келгенімен, олар сахнаға қол ұстасып шықты. Ел алдында әдемі әндерді шырқай отырып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Қос әншінің бір-біріне деген ағалық-қарындастық сезімдері үлкен махаббатқа ұласты. Өнерде де, өмірде де бірге болуды мақсат тұтқан жұлдызды жұптың ән қоржыны тек қана сезім, сыйластық, ғашықтық тақырыбындағы әндерге толықты. Қос ғашық шырқайтын «Тәттім-ау», «Өзің ғана», «Сүйем сені» және т.с.с. он бестен аса әндердің басым көпшілігінің әуенін де, мәтінін де Тоқтар Серіков жазған. Соның бірі – «Сырласу» әні.
«Сырласу» - қос ғашықты табыстырған ән. Бұл әнді Тоқтар Серіков 2005 жылы Бейбіт Сейдуәлиеваға үйленбес бұрын шығарған екен. Мөлдір махаббат пен іңкәр сезімнің куәсі болған ән арқылы әнші өзінің жарына әрі өнердегі жұбына деген сезімі мен ықыласын жеткізуді көздеген. Бұл әннен кейін де бірталай әндер жазылғанменен «Сырласу» әнінің орны олардан ерекше. Себебі, ән жұлдызды жұп жайлы халық арасында желмен таралған қауесет сөздерге жауап болсын ниетпен жазылған.
Сырласу
Әні мен сөзін жазған: Тоқтар Серіков
Орындаушылары: Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева
Жайқалған әсем,
Сенбісің менің ақ гүлім.
Сыйлайын саған
Махаббатымның пәктігін.
Ерке өскен мені,
Еліктей қылып еркелет.
Біз үшін, міне,
Арайлы әсем атты күн.
Қайырмасы:
Жаным, бір өзіңсің,
Бір өзіңсің арманым.
Бірге асулардан
Асуларға самғадық.
Жаным, жүрегімнің,
Жүрегімнің бар жырын,
Жалғыз саған ғана,
Саған ғана арнадым
Бақытым сенсің,
Өмірден мынау іздеген.
Бақытты жанмын,
Бақыттан күдер үзбеген.
«Махаббат» дейтін
Әдемі, әсем көлінде.
Сыңарын тапқан
Егіз аққумыз біз деген
Қайырмасы:
Жаным, бір өзіңсің,
Бір өзіңсің арманым.
Бірге асулардан
Асуларға самғадық.
Жаным, жүрегімнің,
Жүрегімнің бар жырын,
Жалғыз саған ғана,
Саған ғана арнадым
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: dastan-studio.kz
Ғ. Ұзақ