"Сүйгенім" - ерекше талғаммен таңдалған ән

"Сүйгенім" - ерекше талғаммен таңдалған ән

«Super Star KZ» байқауының алғашқы жеңімпазы, белгілі әнші Алмас Кішкенбаев көпшіліктің көңілінен шығып, қазақ эстрадасында өз орнын бекіте алған жандардың бірі. Әнші өз шығармашылығына үлкен жауаппен, ән таңдауға ерекше талғаммен қарайды. Оның репертуарындағы «Сүйгенім» әні жоғары талғаммен таңдалған әрі арнайы тапсырыспен жазылған әндердің бірі.

Әнші продюсері Ләйлә Сұлтанқызымен бірге белгілі сазгер Болат Борановқа жолығып, махаббат лирикасы жанрында жазылған әуендерді қарап, ішінен «Сүйгенім» әнін таңдап алады. Ән ұлы сезім махаббат тақырыбында болғаннан кейін оған арнайы сөз жазуды Ләйлә Сұлтанқызы өзі қолға алады. Дәл сол сәтте белгілі тележүргізуші ерекше сезімге бөленіп жүрген-ді. Болашақ жарына деген ыстық сезімін өлең арқылы жеткізуді тырысады. Оның ықыласы мен құрметіне өлең арқылы жауап беруді көздейді. Осылай көп ұзамай «Сүйгенім» әнінің мәтіні дүниеге келеді.

Ләйлә Сұлтанқызы

Ән көпшілікке бейнебаян арқылы танылды. Әнші әнді өз репертуарына қосқаннан кейін бейнебаян түсіруге бел буады. Бейнебаян желісі бойынша сүйгені ауыр халде жатқан бозбала оған өз сезімін әнмен жеткізеді. Бейнебаянда «Super Star KZ - 3» байқауының қатысушысы, әнші Алтынай Сапарғалиева бой көрсетеді.

«Сүйгенім» әнінің әнші репертуарында алар орны ерекше. Себебі, әнші сол кезде жауапсыз махаббаттың құрбаны болған. Басынан кешірген жағдайдан кейін бұл ән әншіге ерекше ыстық әрі жақын. Тіпті, бір сұхбатында әнші:

«Сүйгенім үшін өзіңді кінәлімін деп айта алман,

Тулаған асау сезімді бір өзің болдың қайтарған» деген өлең жолдары менің жаныма өте жақын» деген еді.

Сүйгенім

Әнін жазған: Болат Боранов

Сөзін жазған: Ләйлә Сұлтанқызы

Орындаушысы: Алмас Кішкенбаев

 

Жайнайды гүлдей күндерім,

Жанымда болсаң егер де.

Қызықты әсем түндерім,

Арада тәтті бір сезім.

 

Қайырмасы:

Сүйемін сені, арайлым,

Құлпырған мына жалғанда.

Таңдана қайта қараймын,

Бір сенен асқан жан бар ма?

Сүйгенім үшін өзіңді,

Кінәлімін деп айта алман.

Тулаған асау сезімді,

Бір өзің болдың қайтарған.

 

Жүрегім сен деп соғады,

Дүрсілдеп қатты қағады.

Көңілімнің қызған шоқтары,

Өзіңе ғана жағады.

 

Қайырмасы:

Сүйемін сені, арайлым,

Құлпырған мына жалғанда.

Таңдана қайта қараймын,

Бір сенен асқан жан бар ма?

Сүйгенім үшін өзіңді,

Кінәлімін деп айта алман.

Тулаған асау сезімді,

Бір өзің болдың қайтарған.

 

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: and.kz, kaztrk.kz

Ғ. Ұзақ