"Сүйеді екем" - сүйікті жанға арналған ән

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, бағы қырғыздың «Жамғырмен» ашылған әнші Гауһар Қаспақованың «Сүйеді екем» әні жарыққа шыққан бойда талай тыңдарманның жүрегінен орын алып, ерекше ықыласына бөленген еді. Бұл әннің авторы әнші-сазгер Бейбіт Оралұлы, ал сөзін белгілі ақын Абдрахман Асылбек жазған.

Ақын жүрегі сезімтал келеді. Өлеңдері жүрегін тербеткен әсер-сезімдермен ұштасып жатады. «Сүйеді екем» өлеңі де ақын жүрегін тербеткен махаббат сияқты ұлы сезімнен туған. Өлең жары Аринаға арналған.

Ақын  Абдрахман Асылбек

1991 жылы Алматыдағы Республика Сарайында Өзбекәлі Жәнібековтің ұйымдастыруымен республикалық термешілер байқауы өтеді. Сол байқауда жас өнерпаз Мейрамбек Беспаев «Бозторғай» әнін орындайды. Халық қайта-қайта қол шапалақтап, әнді Мейрамбекке үш мәрте айтқызады. Қошемет көрсеткен көрермен арасында ақынның болашақ жары Арина құрбысы Сәруармен бірге болады. Сол кезде Сәруар: «Арина, мына әннің сөзін жазған Абдрахман Асылбек деген ақын кісіні білемін. Қаласаң, таныстырайын» деп, кеш соңында ақын мен құрбысын таныстырады. Осылай «Бозторғай» әні арқасында ақын жары Аринамен танысып, көңілдері жарасып отау құрады. Сол кезде жарына «Сүйеді екем» өлеңін жазып арнайды.

Әнші Гауһар Қаспақова

Өткен ғасырдың 90 жылдарында өлеңге сазгер Бейбіт Оралұлы ән жазады. Сазгер әуені мен ақын сезімінен туған өлең жолдары үйлесім тауып, «Сүйеді екем» әні дүниеге келеді. Ән бірден жаңадан танылып келе жатқан жас әнші Гауһар Қаспақоваға ұсынылады. Өз кезегінде әнші әнді нақышына келтіріп орындап, бейнебаян түсіреді.

Әнші-сазгер Бейбіт Оралұлы

«Сүйеді екем» - сүйген жанға арналған әсем ән. Ол - көңілі жарасқан жұптың бойтұмары айналған ән.

Сүйеді екем

Әнін жазған: Бейбіт Оралұлы

Сөзін жазған: Абдрахман Асылбек

Орындаушысы: Гауһар Қаспақова

Сүйеді екем,

Сүйеді екем мен сені.

Сен екенсің өмірімнің өлшемі,

Сәл көрмесем, зіл басады еңсені,

Жоғалғандай жүрегімнің бөлшегі.

 

Қайырмасы:

Өзіңсіз ас батпайды,

Жанарым жасқақтайды,

Армандап аңсауменен,

Қиялым қас қақпайды.

Қасымда бірге жүрсең,

Көңілім асқақтайды.

Армандап аңсауменен,

Таң атпайды

 

Сүйеді екем,

Сүйеді екем жанымдай.

Бойымдағы ағып тұрған қанымдай,

Тіршілігім тоқтап қалар секілді,

Қалсаң бір сәт көз алдымнан табылмай.

 

Қайырмасы:

Өзіңсіз ас батпайды,

Жанарым жасқақтайды,

Армандап аңсауменен,

Қиялым қас қақпайды.

Қасымда бірге жүрсең,

Көңілім асқақтайды.

Армандап аңсауменен,

Таң атпайды

 

Сүйеді екем,

Сүйеді екем, елігім,

Еліктірген, желіктірген желігім.

Бақытымнан, шабытымнан жанықпас,

Сен екенсің темірқазық серігім.

 

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: azzattyq.org, dastan-studio.kz, writers.kz

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/OpAgbjGx3Ko?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});