- Негізгі бет
- Музыка
- Spirit of Tengri...
Spirit of Tengri 2014 фестивалінің қатысушылары таныстырылды
«Алматы достастық елдері мәдени астанасы» жылына арналып, қала әкімдігі қолдауымен өтетін, әлемнің этникалық дәстүрлерін қазақ жерінде паш етуге бағытталған мәдениет аралық «The Spirit of Tengri» фестивалінің қатысушыларымен фестиваль алды баспасөз мәслихаты болып өтті.
Мәслихат барысында Халықаралық жобаның ұйымдастырушыларымен сұхбаттасып, музыканттардан ақпарат алуға мүмкіндік болды. Биыл екінші рет өткізіліп жатқан этнофестивалінің өткен жылға қарағанда өрісі едәуір кеңіргені байқалады. Фестиваль сахнасына шығатын барлық қатысушылар ретімен шақырылып таныстырылды.
Мағауия Уморбеков, СТВ телеарнасының бас продюсері, Spirit of Tengri фестивалінің ұйымдастырушысы:
- Бірінші кезекте Алматы қаласының әкімдігіне фестивалімізді Алматы қаласында екінші мәрте өткізуге қолдау білдіргені үшін алғысымызды айтамыз. Бұл фестивальге келген орындаушылардың өнері, сөзсіз, тамаша өнер. Барлығымыз да ата-бабаларымыздың өнерге рухани мән бергенін, музыка арқылы халқымыздың сан ғасырлар бойы тұрмыс-тіршілігін, тарихын, болмысын жеткізіп келгенін білеміз. Этникалық музыка біздің, бүгінгі ұрпақтың қанында бар. Концертке келсеңіздер әрбір өнерпазды танымасаңыздар да, оның ғаламат даусын шырамытып болса да түсінетін боласыздар. Музыка біздің жан дүниемізге өте жақын екенін ұғамыз. Шетелдік орындаушылармен қатар еліміздің де өнерпаздары қатар тұрып өнер көрсететініне өте қуаныштымыз. Дәл осындай фестиваль елімізде ұйымдастырылуы жоғары дәрежедегі музыканы тануға алғашқы қадам болады деп сенеміз. Тәрбиелеп отырған балаларымызды, жалпы ұрпақты сан ғасырлар бойы халықтың жадында сақталып келген мәдени дәстүрді танып өсетін болады деген ойдамыз.
Сайнхо Намчылак, көмеймен ән орындау шебері:
- Фестиваль ұйымдастырушылары мен Tengri FM радиосына алғыс айтамын. Мен Қазақстанға тұңғыш рет келіп тұрған жоқпын. Бұл жолы Амстердамнан екі бірдей өнерпазбен бірге келдім. Олардың бірі шығу тегі одессалық Герман Попов. Ол азиялық музыкалық аспаптарды зерттеп жүрген өнерпаз. Таныстығымызға отыз жылдан асқан. Бірқатар әндерді де бірге жаздық. Ал келесі қатысушы Фей Ловский (Fay Lovsky). Фей виброфон деп аталатын аспапта ойнайды. Бұл фестивальға тувалық және ағылшын тілдерінде орындалатын әндер дайындап келдік. Олардың ішінде әлеуметтік желілер арқылы белгілісі де бар, сонымен қатар соңғы үш жыл көлемінде жазылған тұңғыш рет орындалатын жаңа әндер де бар.
Эквадордан келген Yaric Ecuador тобы:
- Біз Қазақстанға тұңғыш рет келіп отырмыз. Біздің топтың бұлай аталуы себебі "Yaric" біздің тілде "еске алу" деген мағынаны білдіреді, яғни ата-бабаларымыздың музыкалық сарынын еске алу деген мағына жатыр. Біз де осындай Алматы сияқты таулы өлкеден келдік. Сондықтан да бұл жердің сұлулығы мен кереметтей пейзажы қатты ұнады.
«Намгар» тобы, Бурятия:
- Бұл жолы біздің топ құрамында скрипка мен гитарада ойнайтын орындаушы болады. Егер былтырғы фестивальде бар өнерімізді уақыттың тығыздығына байланысты көрсете алмаған болсақ, бұл жолы толық концерттік бағдарламамызды ұсынамыз деген ойдамыз. Өз басым Қазақстанның жерін, табиғатын сүйемін. Сол себепті осы фестивальға шақырған сайын қуана-қуана қабыл аламын.
Естеріңізге сала кетейік, Spirit of Tengri 2014 фестивалі ертең, 7 маусым күні Республика сарайының алаңында сағат 17.00-де басталады.
Автор: Жолдас Өрісбаев
Сурет/видео: Ардақ Құлтай
А. Құлтай