Скрипкашы

Скрипкашы

Бұл оқиға 2007 жылы болған. Аңыз болып таралып, күллі адамзаттың жүрегін бір селт еткізген. Көңілдердің пернесін дөп басқан. Әңгіменің бір нұсқасын аударып, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік... 

Қақаған қаңтардың суық кешінде Вашингтон метросында бір ер адам скрипка тартып отырды. Ол 45 минуттың ішінде 6 шығарма ойнап бітті. Осы уақыт ішінде оның жанынан мыңдаған адам өтіп, өз жөндерімен кетіп жатты. Солардың ішінен бір ер адам ғана скрипкашыға назар аударып, сәл кідірді де... Ол да аяғын асығыс басып, кете барды. Өз шаруасымен. Бір минут өткен соң, скрипкашыға әлдебір әйел адам еңкейіп ақша тастады. Бұл скрипкашының метродағы ең алғашқы табысы болатын. 

Скрипкашыға ең көп назар аударған - үш жасар балақай еді. Анасы қанша "жүр-жүрлесе" де, үш жасар бала тоқтай қалып, скрипкашыдан көз алмады. Анасы қолынан тартқыштай берген соң, балақай артына қарай-қарай кете барды. Скрипкашыны көрген басқа балақайлар да, дәл бағанағы баланың ісін қайталап, бір орында тапжылмай тұра қалды. Дегенмен оларды да бір минут аялдатпай, ата-аналары асығыс-үсігіс қолдарынан жетектеп, жөндерімен жүре берді. 

45 минут үзіліссіз ойналған музыкаға 6 адам ғана құлақ түріп, тыңдаған болды, 20 адам жүре-бара тыңдап өтіп, тиын-тебендерін тастап өте шықты. Осы уақытта скрипкашының бар табысы 32 долларға жетті. Бірақ... Бірақ ешкім де бұл скрипкашының әлемге әйгілі музыкант Джошуа Белл екенін білген жоқ. Ол ең күрделі деген шығармаларды құны 3,5 млн доллар тұратын Страдивари скрипкасымен ойнап тұр еді... Осыдан дәл екі күн бұрын Бостондағы жеке концертінде билеттің орташа бағасы 100 долларды құраған болатын. 
Джошуа Белл

Джошуа Белдің метродағы "концерті" Вашингтон Пост газетінің жасаған тәжірибесі еді...
Расымен, біз күнделікті күйбең тірлікке жұтылып, әсемдік пен сұлулыққа қаншалықты назар аударамыз? Көркемдіктің қадірін түсініп, бір сәт болсын кідіреміз бе? Бір сәт болсын, аялдаймыз ба? Әлемдегі ең үздік скрипкашы ең күрделі шығарманы ойнап тұрғанда, жанынан бей-жай өте шықсақ... Өмірде қаншама нәрсеге дәл осылай салғырт қарап, қанша нәрсені біліп, танудан, түйсінуден ада қалып жатыр екенбіз?!.

Сурет: bazedy.ru, fotoboev.ru
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Р. Роза