Шың - қазақтың ұрмалы музыкалық аспабы

Шың - қазақтың ұрмалы музыкалық аспабы

Шың – ертеден келе жатқан қазақтың музыкалық аспабы. Бұл аспап даңғара, дауылпаз сияқты ұрмалы аспаптардың қатарына жатады.

Аспапты көне заманда жаугершілік, әскери мақсатта пайдаланған. Шыңды соға отырып, әскербасылар сарбаздарға дыбыс берген. Сондай-ақ, аспапты құсбегілер жетік меңгерген. Олар аңшылық-саятшылық уақытында қыран құстарды аспапта ойнау арқылы шақырған.


Шың аспабында ойнау аса қиын емес. Соғып ойнаған кезде аспаптан жаңғырықты үн шығады. Дыбыстың шығу қашықтығына байланысты аспап әртүрлі көлемде болады. Ең үлкен диаметрі 40-50 см, кішісі 10-15 см болады.

Аспап жез я қола сияқты металдардан жасалады. Сыртқы келбетін оюлармен өрнектеп, сәндік үшін шашақ тағады.

Ұлт-аспаптар оркестрлері мен ансамбльдерінің құрамында шың аспабы табиғат құбылыстарының дыбыстарын шығару мақсатында қолданылады.

Суреттер: caspionet.kz

Ғ. Ұзақ