- Негізгі бет
- Музыка
- "Шарапат" тобы "Күміс...
"Шарапат" тобы "Күміс көмей, жез таңдай" байқауының жеңімпазы атанды
Кеше, 21 қыркүйек күні Алматы қаласында эстрадалық-дәстүрлі ән байқауы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Байқау екі бағытта болды: дәстүрлі әнді домбырада орындау және халық әнін заманауи қалыпқа келтіріп айту. Жобаның басты мақсаты — халық әндерін жастар арасына кеңінен таратып, таныту.
Байқауда 18-30 жас аралығындағы өнерпаздар бақ сынады. Жас әншілер әнді орындап қана қоймай, тарихи құндылықтарымызға ден қойып, фольклорлық мұраға жаңа дем берді. Ең басты талап – әнді жанды дауыста орындау.
Сайысқа Майра Ілиясова, Сәкен Майғазиев, Нұрлан Албан, Нұрғали Нүсіпжанов сынды қазақ эстрадасының беткеұстарлары қазылық етті. Қазақ сахнасына алғаш рет электрожетігенді алып шыққан, өз жеке репертуарындағы халық әні «Молдабайды» орындаған «Шарапат» тобы байқау жеңімпазы болып танылды.
Байқау туралы «Шарапат» тобы мүшесі Рафхат Ізден: - Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Мұнда жас таланттардың киім киісі, сахна мәдениетін сақтауы, таңдаған әні және ең бастысы, жанды дауыста орындау шеберлігі сыналды. Жүректен шыққан әнді тыңдарман жүрегіне жеткізу оңай емес. Көптеген танымал орындаушы бақ сынады. Олардың бірқатары қазақ классик композиторы Шәмші Қалдаяқов әндерін таңдаған екен. Жыл сайын өтетін шара биік дәрежеде ұйымдастырылды, - деді.
@. @assel_assanova