- Негізгі бет
- Музыка
- "Шарапат" тобы: "Болашақта...
"Шарапат" тобы: "Болашақта электрошертер шығарсақ деген ойымыз бар"
Құрметті оқырман! Қазақ өнеріне электрожетіген аспабымен бірге жаңалық болып келген «Шарапат» тобы жуырда «Таңжарбай» атты бейнебаян түсірген болатын. Осы және өзге де жаңалықтар жөнінде топпен сұхбаттасқан едік.
– Ассалаумағалейкум, жігіттер! Қош келдіңіздер! Ең бірінші топтың тарихына және жеткен жетістіктеріңізге қысқаша тоқталып өтсеңіздер.
– Қош көрдік! Ендеше, бірден әңгімеге көшейік, тобымыз жайлы айтатын болсақ, алдағы жазда 1 жасқа келеміз. Халықаралық «The Spirit of Tengri» атты фестивальде алғаш рет тұсауымыз кесілді. Репертуарымызға келетін болсақ, 2014 жылдың 12 желтоқсанында ең алғаш «Сарыарқа» атты үнтаспамыз жарыққа шықты.
– «Табын Таңжарбайдың» әнін осыған дейін Ғарифолла Құрманғалиевтің сүйікті шәкірті Темірхан Ерғалиевтің орындауында естігенбіз. Сіздер бұл әнді өз бағыттарыңыз бойынша эстрадалық жанрға салып өңдеп, жаңа бейнебаяндарыңыздың тұсауын кестіңіздер. Ән соңында күрделі роктың элементтері де байқалды. Cіздердің нұсқаларыңыздағы Таңжарбайдың әнін көпшілік қалай қабылдауда?
– Иә, Таңжарбайды рок стилінде осыған дейін ешкім орындаған жоқ. Алғаш болып біз жаңаша өң беріп, үлкен сахнаға алып шықтық. Жақында бейнебаянымыз да шықты. Халыққа, жалпы, ұнап жатыр. Себебі әзірге ешқандай сын-ескертулер естіген жоқпыз. Барлығы дерлік, арқамыздан қағып, «құтты болсын» айтып жатыр. Алдағы уақытта қандай да бір сын айтылып жатса, біз оған еш өкпелемейміз. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, өнердегі, өмірдегі аға-әпелеріміз шын жандары ашып, кемшін тұстарымызды түзетуге тырысса, біз неге өкпелеуге тиіспіз?
– Ақан серінің «Балқадишасына» «Жігіттер» тобы өзінше өзгерістер енгізіп, орындаған болатын. Бұл туынды біреуге ұнаса, енді біреулерге ұнамай жатты... Ал сіздер халық әндерін орындағанда, түпнұсқасын қаншалықты сақтап қалуға тырысасыздар?
– 100 пайыз түпнұсқасын сақтауға тырысамыз. Қандай да бір халық әнін орындар алдында, ең бірінші, әнге, музыкасына анализ жасаймыз. Өлшемдерін есептеп, әннің әуенін, мақамын бұзбас үшін бар күшімізді саламыз. Дәстүрлі әннің бар қасиетін сақтай отырып, өңдейміз. Өңдеу барысында домбыра өз әуенін сақтайды, ал қалғаны – қиялымыздың қалауында. Ата-бабамыздан қалған мұра – дәстүрлі әннің соңын алып не ортасынан бөліп тастамаймыз. Біздің басты мақсатымыз – дәстүрлі әндерді әлемге танымал музыка жанрының көмегімен толық, кәсіби деңгейде көрсету.
– Сіздер ән сөздерімен қалай жұмыс жасайсыздар, яғни, мәтін таңдаған кезде неге көп көңіл бөлесіздер? Және қазіргі ән мәтіндеріне көңілдеріңіз тола ма?
– Қазіргі кейбір әндердің сөзі арзан болып кеткен сияқты, яғни, тіліміз майдаланып кеткендей. Негізі бүгінгі таңда тыңдарманға рух беретін әндер жетіспей жүр. Ал өзіміз ән таңдауда, алдымен, ән мәтініне көңіл бөлеміз, кемшін тұстары болса, авторларына айтып, өңдеп көреміз. Ал дәстүрлі әндердің мәтіндеріне қол сұқпаймыз, олар бізге қалай жетті, дәл сол қалпында орындаймыз.
– Массагетке берген сұхбаттарыңыздың бірінде «Қазақ өнерін әлемге танытқымыз келеді» деген едіңіздер. Қазіргі өнер сахнасына көтерілген немесе қолынан іс келетін әрбір қазақ баласының арманы осы шығар. Ал сіздер осы арманның орындалуына нақты не істеп жатырсыздар?
– «Теңіз тамшыдан құралады» демекші, осы бастамамыздың өзі сол сіз айтқан мақсаттың жолында жасалған алғашқы қадам. Жоғарыда айтылғандай, былтыр өткен Халықаралық «The Spirit of Tengri» фестиваліне қатыстық. Содан бір апта бұрын осы электроаспаптарымызды Мәскеуден тапсырыс беріп, қолымызға алғанбыз. Тек бір жетінің арасында бес нөмір дайындап, фестивальде өнер көрсетіп, тыңдармандарды таңқалдырғанбыз. Бұның өзі біз үшін игі іс. Музыкалық біліміміз бен ұлттық өнерді үндестіріп, еліміздің атын әлі де шығарамыз. Әндерімізді әлемдік деңгейде таныту үшін әлем білетін стильмен өңдейміз. Бұны тыңдаған шетел «Бұл қандай әуен?», «Бұл қандай аспаптың үні?» деп, қызығып, қазағымызды ғаламтордан іздеп, тани бастаса, онда бұл – біздің мақсатымызға жеткеніміз.
– Электродомбыраны «Алдаспан» тобы, ал электрожетігенді сіздер алғаш болып таныстырдыңыздар. Үлкен жаңалықтың жаршысы болдыңыздар. Алдағы уақытта жаңа аспаптарыңыздың қатарын заманауи технологиямен өңделген осындай ұлттық аспаптармен толықтыру ойларыңызда бар ма?
– Продюсеріміз Нұржан Тойшы ағамыз ұйымдастырған AIMVI PRODUCTION атты орталық бар. Сол кісінің бастамасымен электродомбыра шығардық, электрожетіген шығардық. Ал енді болашақта электрошертер шығарсақ деген ойымыз бар. Бұған дейін орыс халқының ұлттық аспабы - балалайка да электро нұсқада шықты. «Байдан» атты топ құрылып, жақын арада электробалалайканың тұсауын кеседі. Және алда да мұндай тың аспаптар шығады деп ойлаймыз.
– Сонда, электроаспаптардың үлкен сахнада ойнауда мүмкіндігі жоғары ғой?
– Әрине, мүмкіндігі көп, үлкен көмек болады. Өйткені қазір әншілер қолданып жүрген домбыралар – акустикалық домбыралар. Оның ішіне микрофон қойып, домбыраның үнін микрофон арқылы шығарады. Бұл жабық сахналарда ыңғайлы болуы мүмкін, бірақ ашық аспан астында не стадиондарда домбыраның үнін беру қиынға соғады. Ал электродомбыраның үні ашық алаңда еркін әрі домбыраның үнінен екі есе жоғары естіледі.
– Өнер сүйер қауыммен бөлісетін тағы қандай тың жаңалықтарыңыз бар?
– Алда жоспар бойынша жаңадан тағы да бейнебаяндарымыз жарыққа шығады. Көре жатарсыздар. Біржылдық демекші, бір жылға толған сәбидің өзі де ес біліп қалады ғой. Бірақ мерейтойымызға арнап арнайы кеш ұйымдастыру жоспарда жоқ. Себебі, буынымыз қатып, бекімеген соң, үлкен сахнада есеп беру концертін өткізу біз үшін әлі ертерек секілді. Дегенмен алдағы уақытта, көп еңбек пен төгілген тердің жемісін халықпен бөлісетініміз анық. Және «The Spirit of Tengri» фестивалі де жақындап қалды. Оған да қызу дайындық үстіндеміз. Ал басты мақсатымыз өнер сүйер қауым дәстүрлі әндеріміздің философиялық мағынасын түсінсе дейміз.
– Сұхбаттасқандарыңызға мың алғыс! Дәстүрлі өнердің атын әлемге мәшһүр етеміз деген мақсаттарыңызға жетіңіздер! Сіздерге үлкен шығармашылық табыстар тілейміз!
Сурет: ©Мassaget.kz
Е. Жұмабайұлы