Жақында колумбиялық әнші, поп жұлдыз Шакираның жаңа альбомы жарық көрді, – деп хабарлайды Massaget.kz New York Times басылымына сілтеме жасап.
Альбом негізінен испан тілінде. Әнші ағылшын тілін еркін меңгергеніне қарамастан, туған тіліне басымдық бергенге ұқсайды. Ән жинағы "El Dorado" деген атпен жарық көрген.
Латын Америкасының тумасы Шакира Изабель тартымды күлкісі мен ерекше биі арқылы күллі әлемге танылып, музыка-видео саласында сенсация жасады. Бейонсе, Рианна сияқты поп-жұлдыздармен серіктестік орнатып, "The Voice" шоуында тәлімгер болды, Әлем кубогының әнұраны болған "Waka Waka" әнін жазу барысында испан футболшысы Жерар Пикемен танысып, оған тұрмысқа шықты. Бүгінде әнші мен футболшы екі бала тәрбиелеп отыр.
Балалары өскенше Шакираның шығармашылығы аз-маз тоқырауға ұшырады деуге болады. "Зейнетке қашан шығайын?" деп сұрапты Шакира бірде Пикеден. Сонда күйеуі: "Елге берерің қалмағанда шығасың. Бірақ ол уақыт әлі келген жоқ", - деп жауап беріпті.
"Енді қайтып жақсы ән шығара алатыныма күмәнді болдым. Менің ішімде адам, ана, шығармашылық – осынау кішкене Шакиралар өзара күресіп жатты", – дейді жұлдыз. "Арманымның артынан ілесуім үшін жеке өміріме тоқталуым керек болды. Кенеттен бәрі өзгеріп, мен өзімді жанұясы бар ана ретінде көрдім. Бірақ ішкі дауысым маза бермеген соң, музыканы іздедім. Студия мен үшін күнделікті тірліктің күйбеңінен босаңсытатын мекенге айналды. Ана ретінде айтар болсам, музыка – енді менің сүйікті ісім. Ешқашан бұлай айтам деп ойламаппын", – дейді Шакираның өзі.