"Сен маған сүюді үйреттің" әнінің тарихы

"Сен маған сүюді үйреттің" әнінің тарихы

Қазақ сахнасындағы жұлдызды жұптардың бірі Жазира мен Жанболат халыққа алғашында «Сүйгеніңді бағала» әнімен кеңінен танылған-ды. Содан бері жұлдызды жұп көптеген әсем әндерді орындап келеді. Ал оның  соңғы туындыларының бірі «Сен маған сүюді үйреттің» әні көпшілік назарына ілініп, сүйікті әндердің біріне айналып үлгерді.

«Сен маған сүюді үйреттің» әнінінің әуенін Жазираның ағасы Ербол Байырбеков, ал сөзін белгілі ақын Ақмарал Леубаева жазған. Ербол Байырбеков жұлдызды жұптың төлқұжатына айналған «Сүйгеніңді бағала» атты әнінің авторы. Бұл жолы да сазгер жаңа әнін Жазира мен Жанболатқа ұсынады. Жазира әнді тыңдаған соң, бірден ұнатады. Әсіресе, әншіге әннің сөздері қатты әсер етеді. Ән сөзі әуенге құйылып қойғандай көрінеді. Әнді алған бойда Жазира жолдасы Жанболатқа көрсетіп, бірге орындауға ұсыныс жасайды. Алайда, Жанболат әнді Жазираның жеке дауыста орындағанын қалайды. Содан кейін Жазира әнді өзі жалғыз жаздырып, бейнебаян түсіреді.

Ән жазылып, бейнебаян жарыққа шығарылған соң, халық арасында, оның ішінде жастар арасында лезде таралып, сүйіспеншілікке ие болды. «Сен маған сүюді үйреттің» әні тек махаббат жайында ғана емес, мағынасы терең философиялық ән. Бұл ән әйел затының сүйген ер азаматына арналған.

«Сен маған сүюді үйреттің»

Әні: Ербол Байырбеков

Сөзі: Ақмарал Леубаева

 

Сен маған сүюді үйреттің,

Ұмытып кеткен едім.

Басымды июді үйреттің,

Тәкаппар өктем едім ...

 

Шынайы күлуді үйреттің,

Нөсерлі көктем едім.

Өмірді сүруді үйреттің,

Ұстазсыз мектеп едім.

 

Қайырмасы:

Сен маған ұшқанды үйреттің,

Тордағы бұлбұл едім.

Сезіммен құшқанды үйреттің,

Күдікшіл құмбыл едім.

 

Кім дос, кім дұшпанды үйреттің,

Уайымшыл бір мұң едім.

Иіскеп қысқанды үйреттің,

Құшақсыз бір гүл едім.

 

Шынайы күлуді үйреттің,

Нөсерлі көктем едім.

Өмірді сүруді үйреттің,

Ұстазсыз мектеп едім.

 

Қайырмасы:

Сен маған ұшқанды үйреттің,

Тордағы бұлбұл едім.

Сезіммен құшқанды үйреттің,

Күдікшіл құмбыл едім.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: alashainasy.kz, mail.ru

Ғ. Ұзақ