Біздің ата-аналарымыздың жастық шағынан сыр шертетін, сол заманның иісі аңқыған «Альтернативная культура 80-х» атты фотокөрме көпшілік көңілінен шығып жатыр. Көрмедегі фотосуреттердің авторы – Игорь Мухин.
Ол кездің ең сәнқой жастары былғары күртеше мен америкалық джинс шалбарлар киетін. «Браво» , «Би-2», «Наутилус» сынды рок топтардың концерттеріне билет алу үшін жанын салатын. Цой мен Мамоновтың музыкасына ессіз ғашық еді.
80-ші жылдардың студенттері өзге студенттер секілді күнін әрең көріп жүрсе де, аса талғампаз әріұстанымдарына берік болатын. Музыкалық талғамдары биік меломандар еді.
Олардың тыныс-тіршілігі мен қызығушылықтары өзінше бір толыққанды “мәдениет” іспетті. Олай болатын себебі, сол уақытты көріп, иісін сезбеген жаңа заман жастарының бойынан сол “мәдениетке” деген махаббат пен ностальгия табылады.
Ешқашан білмеген дүниені сағынып, оған қатысты ностальгия сезімін кешуге де болады екен-ау.. Қызық.. Сірә, бұл сол “мәдениеттің” мықтылығы мен оның табынушыларының өз талғамына деген адалдығынан болса керек.
Сол заман жастарының балалары болсақ та, бұл “мәдениеттің” шын табынушылары біздің қатардан да табылады. Олар да 25 жыл бұрын әкелері айтқан Цойдың әндерін бар дауысына сала орындап, сол “көктемді” кешіп жүр.
Дәл сол көктемді кешкендер қатарында Игорь Мухин де болатын. Оның кішкене серігі – фотоапппарат. Мухиннің ақ-қара суреттері қазіргі таңда классикаға айналған. Оларда 80-ші жылдар мәдениетінің батырлары — Гребенщиков, Бутусов, Шевчук, Цой, Кинчевтер бейнеленген. Батырлардың Мухин суреттеріндегі қарапайым келбеттері өзіне баурап, өзің кешпеген көктемді сағынып, соған жан-тәніңмен, бар болмысыңмен берілуге итермелейді. Санаңды баурап, жүрегіңді жаулайды.
Борис Гребенщиков. Ленинград. 1986
Виктор Цой. Мәскеу. 1986
Рекшан, Кинчев пен Евгений Федоров. Ленинград. 1986
Игорь Мухин нағыз сиқыршы секілді. Себебі, оның суреттерінен сол көктемнің иісі аңқиды. Фотокартиналарға қарап отырсаңыз құлағыңызға еркіндік әні келеді.