- Негізгі бет
- Музыка
- Сегіз ұлттың басын...
Сегіз ұлттың басын қосқан ұлттық оркестр
Өскемендегі Балалар ауылында "Мұрагер" атты қазақ халық аспаптар оркестрі бар. Жанұя типтес балалар ауылында ата-ана қарауынан тыс қалған жетімдер тәрбиеленеді. Мұндай мекеме елімізде жалғыз. Ал ансамбльдің ерекшелігі де сол – мұнда сегіз ұлттың балалары домбыра шертіп, қобыз ойнап өнер көрсетеді.
Ансамбльдің іргетасын қалаушы, оның музыкалық жетекшісі, жоғары санатты ұстаз Гүлшат Нұрбаева мұндай өзгеше өнер тобының құрылғанына биыл 10 жыл болғанын айтады. Әрі елімізде түрлі ұлт өкілдерінен құрылған балалар оркестрінің жоқ екенін, республикалық сайыстарға барғанда жұрттың таңданыс танытатынын жеткізді.
Осы орайда, Гүлшат Шайхыбекқызымен сұхбат құрып, ансамбльдің тыныс-тіршілігі жайлы сұрап көрген едік.
- Гүлшат Шайхыбекқызы, "Мұрагер" оркестрі қашан құрылды?
- Балалар оркестрі 2010 жылы құрылған. Балалар ауылына алғаш жұмысқа орналасуға барғанымда, мекемені құрушы әрі директоры Аман Ислямовтың өзі жеке ансамбль құру туралы ойын жеткізген еді. Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз Аман Асқарұлы – өнерге жақын, тәрбиеленушілерге ұлттық өнер арқылы патриоттық тәрбие беруді қалайтын жан.
Басында жүрексіндім. Өйткені өзге ұлттың балаларына қазақтың аспабын үйрету маған қиындау көрінді. Қала мектебінде 17 жыл сабақ берген тәжірибем бар. Өмір бойы тек қазақ балаларына ғана сабақ бергенмін. Бірақ жетімдерді қамқорлығына алған Аман Асқарұлы "бала ұлтқа бөлінбейді, қазақы тәрбиені халық аспабы арқылы сіңірудің орны ерекше" деп мені көндірді.
Өнердің орны бөлек екен қашанда! Домбыраны көрген балалардың көзі оттай жанды. Үйретуімді өтінді. Бірақ үйірмеге жеткіншектерді іріктеп алу керек болды. Содан балалар ауылында патронаттық тәрбиеде жүрген баланың бәрін жинап, қабілеттерін тексердім. 70-тен аса баланың 12-сін алып, дайындыққа кірістік. Олардың үшеуіне баян, екеуіне қобыз үйреттім. Қалғандары домбыра мен қылқобызды қолға алды.
- Десе де, домбыра мен қобыз қазақтың құлағына біткен дүние ғой. Орыс пен немістің баласына ұлттық аспапты үйретудің қандай да бір әдісін қолдандыңыз ба?
- Өнер ұлт талғамайды, шекарасы жоқ. Бұған әбден көзім жетті. Баланың бойында қызығушылық болса, кез келген өнерді, аспап пен нотаны игеріп алады. Алғашында балаларды бір бөлмеге жинап, күй шерткенімде, көзінде от, кеудесінде шырақ пайда болғанын байқадым. Олар да күй ойнағысы келді. Содан бәрі басталып кетті...
Домбыраны үйретуге құйма-құлақ әдісін пайдаланам. Ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық әдіс. Кейбірі дарынды, қабілетті. Олардың Өскемендегі музыкалық училищенің ұлттық аспаптар мектебіне апарып, домбыраны кәсіби түрде үйретемін.
Он жылдың ішінде төрт буын тәрбиелеп шығардым. Бірінен бірі озады. Алдыңғы буын кеткен кезде, орны ойсырап қалады. Алғашқы буынның ұл-қыздары өте дарынды еді. Құрылған сәттен бастап жарты жылдың ішінде күй мен ән үйреніп, байқауға қатыстық.
- Ансамбльде қай ұлттың балалары бар?
- Көбі – орыс балалары. Қазақ, әзірбайжан, украин, татар, өзбек, шешен, неміс, қытай ұлтының балалары бар. Тобымда украин қызы Дарья Шнупарь, қазақ баласы Бауыржан Дүйсембаев, әзірбайжан ұлы Елжан Мамутов сынды дарынды шәкірттерім болды. Қазір олар ЖОО-да білім алуда.
Қазір неміс қызы Анна Штро көзге түсіп жүр. Бас домбыра ойнайды, ән айтады.
- Қатысқан, жүлделі болған байқауларыңыз жайлы айта отырсаңыз...
- Жоғарыда айтқанымдай, жарты жылдай дайындалып, 2011 жылы "Таңшолпан" республикалық фестиваліне қатыстық. Бұл байқауға ата-ана қамқорлығынан шет қалған балалар қатысады. Сондықтан біз бұған жолдама алған Шығыстың алғашқы өнерпазы болдық. Орын алмасақ та, көрерменнің көзайымы болып қайттық. Өйткені өзге ұлт өкілдерінен құрылған ұлттық ансамбльді халық тұңғыш көрген екен. Сонда ғана ерекше өнер ұжымымен жұмыс істеп жүргенімді сезініп, кеудемде мақтаныш пайда болды.
Одан кейін, қалалық, облыстық "Жас музыкант" байқауына қатысып, бірнеше рет бас жүлде алдық. 2015 жылы Алматыда өткен "Рауан" фестиваліне қатысып, бірінші орын иелендік. Бұған 23 бала апардым. Домбыра тартқан орыс балаларын көрген көпшіліктің таңқалғаны рас, тосын көрінді. 2018 жылы тағы да Алматыға барып, "Алатау шыңы" фестиваліне қатыстық. Одан екінші орын алдық. 2020 жылы Қазақстан ұлттық телеарнасының жұмыс тобы келіп, "Үміт" тележобасына түсірді.
2020 жылдың ақпан айында телеарнаның тікелей эфирінен жанды концерт бердік. Концертіміз бір сағатқа созылды.
- Оркестрде қанша бала бар?
- Қазір 25-тей бала бар. Оның 16-сы басты топ. Ең кішісі тоғыз жаста. Негізінен, 7-8 сынып оқушылары жиналған. Оркестрдің ішінен биыл домбырашы мен қобызшылар, флейта мен қобызшылар деп бөліп, шағын ансамбльдер құрған едік.
Жалпы, Балалар ауылында сегіз жанұяда тәрбиеленіп жатқан жетім балалардың саны 70-тен асады. Барлығы үйірмеге қатысады. Көріп отырғаныңыздай, көбі музыка үйірмесіне келеді. Ешқайсының қолын қайтарып көргенім жоқ. Ата-анасы жоқ болғандықтан, оларға мейірім мен жылу керек.
Сабақты да қарадүрсінге салмай, қызығушылығын оятып барып үйретемін. Кейде сабақты ысырып қойып, сырласатын кездеріміз болады.
- Өнерпаздар қандай аспапты меңгерген?
- Көбі домбыра ойнайды. Прима домбыра, бас домбыра, шертер, қобыз, баян, дауылпаз, сазсырнай, шаңқобыз, үрмелі, ұрмалы аспап ойнайтын балаларымыз бар.
- Репертуарларыңыз жайлы айта отырсаңыз...
- Оркестр құрылған кезде алдымен халық әні "Еркем-айды" үйреттім. Қарапайым, жоғарғы қағыспен ойналатын шығарма. Одан кейін Сейтектің күйі "Тойбастарды" үйреттім. Ырғағы мол, құлаққа сіңімді күй. Моцарттың жеңіл композицияларын ойнаймыз. Бұдан басқа, халық күйі "Келіншек", М.Әбеновтің "Желдірме", Нұрғисаның "Әлқисса", Құрмағазының "Адай", "Балбырауын" күйлері, Жаяу Мұсаның "Ақ сиса" әні, Огинскийдің "Полонез" шығармасы, Бремен музыканттарының "Достар" әні бар қоржынымызда.
Жақында Н.Тілендиевтің "Алтын дән" күй-поэмасын, Абай әндерін шығармашылығымызға қостық. Қазақтың халық әні мен күйлерінен басқа шетелдік композиторлардың да шығармаларын орындаймыз.
- Сұхбатыңызға рақмет! Ұжымыңызға шығармашылық табыс тілейміз!