«Сазгер деген сөз намысыма тиеді. Композитор мен сазгердің айырмашылығын көпшілігі ескере бермейді», деді белгілі композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі ұйымдастырған кездесуде. Бұл туралы inform.kz «Астана ақшамы» газетіне сілтеме жасап хабарлады.
- «Далаға шығып таяқ лақтырсаң, композиторсымаққа тиеді. «До» мен «ре»-нің арасына таксимен барып келетін адамдар көбейіп кетті» деп 1979 жылы қазақтың өте талантты композиторы марқұм Әбілахат Еспаев маған бір айтып еді. Сол сөздің нағыз көкесін енді көріп жүрміз: қалтасын толтырып, талтаңдап студияға барады, екі нотаның басын қоса алмай, ыңылдаған бірдеңесін жаздырады. Ақшасын төлеп, әншіге айтқызады. Бір-екі рет эфирден көрініп, «мен композитормын» деп көкірек керетін жігіттер толып жүр. Өкініштісі, тек жігіттер ғана емес.
Ал, композитор деген... Мысалы, «Сазгер» деген сөз намысыма тиеді. Сазгерлер - арнайы композиторлық білім алмай, ыңылдап ән шығаратындар. Кеңес өкіметінің тұсында оларды әуесқой дейтін. Композитор латынның «compositor» - құрастырушы деген сөзінен шыққан. Әнді бастан-аяқ оранжировкасына дейін өзім дайындаймын. Осы композитор мен сазгердің айырмашылығын көпшілігі ескере бермейді, - деді Кеңес Дүйсекеев.
сурет: ©massaget.kz