- Негізгі бет
- Музыка
- «Саз әлемі» жалғасады...
«Саз әлемі» жалғасады
13 қазан күні сағат 20.40-та елдің есінен әлі де шығып үлгермеген «Ел арна» телеарнасындағы «Саз әлемі» музыкалық жобасының үшінші маусымы басталмақ.
Бағдарлманы бұлы жолы да дәстүрлі түрде Баян Есентаева жүргізетін болады. Ал қос жүргізушіліктің екінші тізгіні "Базар жоқ" театрының әртісі Қанат Әлжаппаровқа бұйырып отыр. Ұлттық музыкалық байқаудың мақсаты - жыл қорытындысы бойынша ең үздік әнді анықтау.
Қазылар алқасы мен көрермендердің назарына тыңдарман арасында кең тараған, ғаламтордан көп жүктелген әндер ұсынылады. Шарт бойынша өнерпаз әнді фонограммасыз, жанды дауыста орындауы қажет. Қазылар алқасы бұра тартпай, ән мен әншіге әділ бағасын беруге тырысады. Сондай-ақ, қазылардың оппоненттері де бар. Сарапшылардың міндеті мүмкіндігінше әншіні қорғап қалу. Бірақ көп жағдайда олай бола бермейді.
«Биыл біз байқауға жаңа екі номинация қостық. Олар: «Той» және «Ретро» номинациялары. Көпшілік тағатсыздана күтіп отырған жобаның жаңалығы сол», - дейді «Саз әлемі» байқауының музыкалық продюсері Бағым Мұхитденова. «Алдыңғы жобаларда ретро және халық әндерімен қоса жаңа авторлық әндер де бірдей сайысқа түскен болатын. Яғни, біз хит әндерді бөлген жоқпыз. Биыл жаңа интерпретацияда көрініс тапқан ретро және халық әндері «Ретро» номинациясына, ал тойда орындалатын әндер, тойдың хиттері «Той» номинациясына кіреді. Мәселен, «Қызыл өрік» әні қазір хит болып тұр. Ол әнсіз қазір бірде-бір қазақ той өткізбейді. Бірақ, мұндай әндер ұлттық хит бола алмайды ғой. Бізде той мәдениеті деген бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан, бұл әндерге жеке номинация арнауды жөн көрдік», - дейді продюсер.
Қатысушыларға Бағым Мұхитденова, Алтынай Жорабаева, Айгүл Иманбаева, Алмас Кішкенбаев, Майра Ілиясова, Талант Арынғали, Жанар Айжанова, Сәкен Майғазиев, Алуа Құнарова қазылық ететін болады. Жобаға бар жоғы жүзден астам әнші қатысады. Олар «Үздік той әні», «Ретро», «Ең үздік әнші», «Жыл жаңалығы», «Үздік топ» номинациялары бойынша өзара сайысқа түседі. Ал, 49 әннің ішінен сытылып шыққан туынды «Жылдың үздік әні» атанады.
Қатысушылардың арасында Айқын Төлепберген, Рүстем Нұржігіт, Әли Оқапов, «Жебе», «Кешyou», «Kz» топтары сияқты танымал өнерпаздар бар.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: kazakh-post.ucoz.ru
А. Әбілхан