- Негізгі бет
- Музыка
- "Сағыныш сазы" -...
"Сағыныш сазы" - тағдыр тарту еткен ән
Соңғы жылдары қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Алтынай Жорабаева мен Сәкен Майғазиев «Сағыныш сазы» әнін қосыла шырқап, ел қошеметіне бөленіп жүр. Әсем әннің сазы мен сөзін талай жүректердің төрінен сырлы жырларымен орын алған ақын-сазгер, драматург Исраил Сапарбай жазған.
Бір қызығы ақын аға нота білмейді. Ән кез келген жерде, беймезгіл уақытта келеді екен. Сонда Исраил ағамыз әуенді диктафонға жазып не жадында сақтап қалуға тырысады. Ақын аға «Сағыныш сазы», «Жан гүлім», «Ананы аңсау» сияқты бірқатар әндердің авторы. Ал көпшілік біле бермейтін әндері қаншама?! Алайда, ағаның қоржынындағы «Сағыныш сазы» әнінің алар орны бөлек.
Ақын ағаның орда бұзар отызға келген тұсы. Шаңырақ көтеріп, перзент сүйіп отырған шағы. Облыстық газеттердің бірінде қызмет ететін ол Шымкенттен алпыс шақырым қашық жердегі ауылға тойға барады. Жары үйде балаларды қарайлап қалады. Жанында әріптестері болады. Бір кезде ақын көзі әсем даусымен ән айтып тұрған әдемі қызға түседі. Ботадай көздері бар қараторы қыз әнін айтып болған соң, ақын жанына келіп отырады. Жөн сұраса,Шымкентте 1-курста оқитын сол ауылдың қызы екен. Той таңға дейін жалғасады. Бір кезде той басқарып жүрген асаба жігіт қалың көпшілікке өлең оқып бер деп ақынға қолқа салады. Ақын өлеңдерін жатқа оқи жөнеледі. Байқап қараса, жаңағы әнші қыз өзгелерге қарағанда ерекше әсермен тыңдап отыр екен. Таң атып, той тарқайды. Жастар жағы қайту үшін Шымкент қаласына жолға шығады. Автобуста ақын мен әнші қыз қатар отырып, жеткенше әңгімелеседі. Бұл таныстықтан кейін ақын әнші қызбен жиі-жиі кездесіп, жатақханасына барып тұрады. Әнші қыздың есімі Тәбия екен. Ақын Тәбияға арнап өлең жазып, әдемі әнді дүниеге әкеледі.
«Тәбиям менің,
Әриям менің,
Сен! Сен! Сен!
Бақытым менің,
Жақұтым менің,
Кел! Кел! Кел!» - деп шырқалатын ән ел арасында бірден таралып кетеді. Бір күні ақын жатақханаға Тәбияны шығарып салғанда, ол: «Сізге бір өтінішім бар. «Сағыныш сазы» әні айтылып біткенде, барлығы маған қарайды. Мен қатты ыңғайсызданамын. Аға, «Тәбиям менің» деген сөзін өзгертіңізші» деп өтінішін білдіреді. Ақын Тәбияның бұл сөзін аяқ асты етпей, сөздерін алмастырады.
Тағдыр Тәбияны кеш кезіктірді. Ақын ол кезде отбасылы болған. Кейін Алматыға қоныс аударады. Ал Тәбия Шымкентте қалып қояды. Содан кейін ақын аға әнінің дүниеге келуіне арқау болған әсем дауысты Тәбиямен мүлдем кездеспеді.
Сағыныш сазы
Сөзі мен әнін жазған — И. Сапарбаев
Есігімді ашып, еріп кіргелі,
Сен болып бақыт келіп тұр ма еді?
Қарақат көзім, әңіңмен алғаш
Еріттің мені, еріттің мені.
Қ а й ы р м а с ы:
Кұшағымды ашып,
Көңілім тасып,
Бірге жүрген күндерімді сағындым.
Бақытым менің,
Жақұтым менің,
Кел, кел, кел.
Ғашығым менің,
Асылым менің,
Сен, сен, сен.
Көзімде неге, көл, дірілдедің?
Солмаса екен енді гүлдерім...
Қуантсаң — қуант, мұңайта көрме,
Моншақтай мойыл мөлдірім менің.
Қ а й ы р м а с:
Жұлдызы жанып, жайнасын бағым,
Бұлбұлым қонып, сайрасын бағым.
Хабарың келмей қамығып жүрмін,
Сағынып жүрмін, қайдасың, жаным?
Қ а й ы р м а с ы:
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: oks.kz, kartinki.ru
Ғ. Ұзақ