"Сағындым, ана" - өз тыңдарманын тапқан ән

"Сағындым, ана" - өз тыңдарманын тапқан ән

«Сағындым, ана» өз тыңдарманының жүрегін шымырлатып, көз жасын талай төккізген әсем ән. Бұл әнді тыңдаған кез келген жан бұл әннің үлкен мұң-сағыныштан туғанын бірден аңғарады.

Ән авторы «Сағынамын», «Ана жүрегі» т.с.с. әндермен кеңінен танымал жас әнші-сазгер Бақытжан Мұстапаев. Ал сөзін ақын Индира Дауылбаева жазды. Бақытжан мен Индира өнерде де, өмірде де бірге жүрген өте жақсы достар. Кездескенде бір-бірлеріне сыр-құпияларын айтып, мұң-шерлерін тартқатады. Күндердің күнінде кезекті сырлы әңгіме барысында Индира Бақытжанға: «Сенің ата-анаң дін аман, жаныңда жүр. Бақытжан, сен қандай бақыттысың. Менің де ата-анам жанымда болса, мен де бақытты балалардың қатарында болар едім ғой» деп айтып қалады. Индираның бұл сөзі Бақытжанға қатты әсер етеді. Кейін Бақытжанның ойына әдемі әуен оралып, ол күйсандыққа отырып ән шығарады. Дайын болғанда дереу Индираға телефон соғып, ана туралы ән жазғанын, өлең жазу керектігін айтады. Индира бір сағаттың ішінде «Ана» атты өлең жазып береді.


Дайын әнді Бақытжанның Түркістан қаласында тұратын ағасы әрлеп береді. Кейін автор өз ортасында, кішігірім жиындарда шырқап жүреді. Бұл ән қарақшылық тәсілімен мол таралыммен шығып, кеңінен таралып, танымал әндердің қатарына енді. Алайда, біраз уақыт көпшілік әннің орындаушысы мен авторын білмей жатады. Тіпті, Бақытжанның достары әсем әнді жазғанына аса сене бермейді. Ел арасында әнді «SuperStar KZ» байқауының жеңімпазы, жас әнші Алмас Кішкенбаев айтып жүр» деген сөздер тарап кетеді. Мұны естіген ән авторы Бақытжан Мұстапаев әкесі сатып алып берген мініп жүрген көлігін сатып жіберіп, ақшасына бейнебаян түсіреді. Бейнебаян да қалың жұртшылыққа кеңінен таралып, үлкен танымалдылыққа ие болады.

«Сағындым, ана»

Әнін жазған: Бақытжан Мұстапаев

Сөзін жазған: Индира Дауылбаева

 

Балғын тәтті тілегімменен,

Қадам басып, ілгері келем.
Күннің нұрлы ай сәулесінен,
Өткен күннің іздерін көрем.

Құшағыңды сағындым, ана,
Жұбатады жанымды сан ән.
Қасиетім қорғаның ең маған,
Әніммен де табынам саған.

 

Қайырмасы:
Әттең-ай-ау, әттең,
Тағдыр неткен қатты ең.
Жадымдасың мәңгі

«Ана» деген атпен.

 

Бөбегіңнің қорып ұйқысын,
Құшағыңа ап, «күнім» дейтінсің.
Ертеңімді әрдайым ойлап,
«Аман болсын нұрым» дейтінсің.

Сұрағым көп өмірге мынау,
Жанымда мұң, көңілде қырау.
Бақыт нәрін сезген сәттерде,
Қуат берген сенің демің-ау.

 

Қайырмасы:
Әттең-ай-ау, әттең,
Тағдыр неткен қатты ең.
Жадымдасың мәңгі

«Ана» деген атпен.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: art-lro.ru, mom.com

Ғ. Ұзақ