Youtube видеоресурсына 1 шілде күні жарияланған «Беш» атты бейнебаян әзірге белгісіз себептермен өшірілді, деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
Рэпер Big Som-ның атынан жарияланған бейнеклип бір күннің ішінде 12 мыңға жуық көрілім жинаған еді. Бүгін ғана «Роза Рымбаева түскен "Беш" атты клиптің ресми нұсқасы жарияланды (Видео)» деп аталатын ақпаратымыз шыққан болатын. Бейнеклип қандай себеппен видеоресурстан өшірілгенін Самсон Big Som Аракелянның өзінен сұрап көргенімізде, әншінің ресми парақшасына жауапты адам былай жауап берді: "Қайырлы күн. Бұл – парақшаның админі. Маған бұл бейнебаянның өшірілуін оның қоғамда шиеленіс тудыруымен, оған деген негативті пікірлердің артуымен түсіндірді. Сонымен қатар, желіге бейнебаянның дайын емес нұсқасы бірінші болып таралып кетіп, оның да сынға ұшырағаны себеп болды".
Естеріңізге сала кетсек, халық әртісі Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин, Big Som, Гурген Басенцян, Әли Оқапов, Александр Шумский, Давид Орбелиани, Ольга Кузнецова, Ерлан Мейірбеков сияқты әнші-орындаушылар түскен бейнеклип төңірегінде әлеуметтік желілер мен бірқатар басылымдарда ұлттық тағамымызды мазақ қылды делінген көзқарас пікірлер көбейген еді. Халықтың наразылығына Роза Қуанышқызы: «Мұнда тұрған еш өрескелдік жоқ. Керісінше, режиссерлер ұлттық тағамды насихаттайтын клипке түсуге шақырған соң келістім» десе, Нұрлан ағамыз да: «Бәрі насихат қой, ұлттық тағамды насихаттау керек. Қай түрін насихаттайсың – ол өз еркің, бұл жастарға өте керек зат» деген пікірін айтты.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: видео скрині