- Негізгі бет
- Музыка
- Роза Рымбаева туған...
Роза Рымбаева туған күнін Өскеменде өткізеді
Роза Рымбаева бүгін, 28 қазан күні 57 жасқа аяқ басты. Иісі қазаққа таныстыруды қажет етпейтін аңыз әншіні интернет қолданушылары мен өнердегі әріптестері әлеуметтік желі арқылы да құттықтауды бастап кетті.
Сәкен Майғазиев өзінің инстаграмдағы парақшасына: "Алты алаштың ардақтысы Роза Қуанышқызын туған күнiмен құттықтаймыз! Әли мен Мәди мақтаныштарыңыз бола берсiн. Бiз сiздi құрметтеймiз",-деп жазды.
Роза Рымбаеваның өзі болса, инстаграмдағы парақшасына бүгін сағат 18:30-да Өскеменде өтетін концертте болатынын жариялап,"ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткачтың қатысуымен облыс әкімінің эстрада-симфониялық оркестрі концертін ұсынады. Көркемдік жетекші әрі дирижер Александр Галсанов", - деген хабарландыру ілді.
Роза Қуанышқызы Шығыс Қазақстан облысы, Жаңғызтөбе станциясында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. "Әлия" әні арқылы халықаралық атаққа ие болған әнші Қазақстанның халық әртісі, Қырғызстан мен Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі. Құрмет және Парасат ордендерінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының т.б. көптеген құрметті де абыройлы марапаттың иегері.
Massaget.kz порталы қазақтың біртуар бұлбұл әншісін туған күнімен құттықтай отырып, Роза Қуанышқызына ұзақ ғұмыр мен баянды бақыт тілейді!
Сурет: vk.com
Р. Роза