Роза Рымбаева: «Қазіргі жастардың бойында үлкен патриоттық сезім бар»

Роза Рымбаева: «Қазіргі жастардың бойында үлкен патриоттық сезім бар»

Еліне «Әлиясын», әлемге елін танытқан, кәсіби өнердің шын жанашыры, қазақтың жезтаңдай әншісі Роза Рымбаевамен сұхбаттасқан едік. Өзінің тың жаңалықтарымен, алдағы жоспарларымен, қазіргі өнерге деген көзқарасымен бөліскен Роза Қуанышқызының тыңдарманына айтары бар. 

– Сәлеметсіз бе, Роза Қуанышқызы! Алда қандай шығармашылық жұмыстар күтіп тұр? Қандай жоспарларыңыз бар. Жалпы өміріңізде, өнеріңізде болып жатқан соңғы жаңалықтардан хабардар етсеңіз.

– Өткен қазан айының 18-жұлдызында жаңа бейнебаянымның тұсауын кесіп, көпшілікке ұсындық. Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған Сәтжан Шәменовтың «Сезім» деген әні. Көптеген уақыт бойғы еңбегіміз ақталып, өз жемісін берді. Ал, оған дейінгі жұмыстарымның бәрін теледидардан, басқа ақпарат көздерінен көріп, біліп жүрсіздер. Көбінесе гастрольдік сапарларда жүремін. Мәскеу қаласында үлкен кешім өтті. Одан кейін Астраханьның оркестрімен жергілікті жұртшылыққа өнерімізді паш еттік. 28-29 қазанда Өскеменнің симфониялық оркестрімен берген екі концертті де атап өту керек. Сонымен қатар, желтоқсан айының 6-сы күні Орынбор қаласында жеке шығармашылық кешім өтті. Алда әлі көптеген жұмыстар күтіп тұр.

– Бүгінгі таңда екі ер азамат тәрбиелеп отырған аяулы анасыз. Үлкен ұлыңыз Әлиді халыққа таныстырып жатудың өзі әбестік болар. Ал, кіші ұлыңыз Мәди туралы көп айтылмайды. Сұрағымыз келгені - кенже ұлыңыздың көпшілік білмейтін қандай да бір қызығушылықтары бар ма? Болашақта қазақты қай қырымен таңқалдырады?

– Әли – жаңа бастап келе жатқан бала ғой. Екі жыл болды. Алар асуы алда шығар деп үміттенемін. Ол үшін тынбай еңбек ету қажет. Мәди де ағасы сияқты фортепианода ойнайды. Үлкен ұлым оқыған мектепте, сол Әлиімді тәрбиелеген ұстаздан тәлім алып жатыр. Қазіргі таңда 9 сыныпта оқиды. Әлидің жолын қуып келе жатқан пианист. Мектеп оқушысы болғандықтан, эфирге, сахнаға әлі шықпайды. Анда-санда менің бейнебаяндарымда бір көрініп қояды. Жалпы келешекте үлкен сахнаға қадам басуы әбден мүмкін, себебі, ол да ағасы сияқты кәсіби музыкант.

– Осыдан бір жыл бұрын Imperial сән үйінің бет-бейнесі болдыңыз. Осы ретте сіздің бір тыңдарманыңыз, біздің сайтымыздың тұрақты оқырманы (Мөлдір Ануарханқызы): «Роза Қуанышқызының тік мінезі ұнайды. Кейбір әртістер сияқты жағымпазданбайды. Жанды дауыспен концерт береді. Енді өз брендын жасаса керемет болар» деп тілегін айтқан екен... Болашақта осы оқырман қызымыздың ұсынысының іс жүзінде жүзеге асуы мүмкін бе? 

– Мен негізі кәсіби әншімін. Өнерде жүргеніме қырық жылдай болды. Қазақстанның эстрадалық музыка өнерін тек қана Қазақстанда емес, дүние жүзіне насихаттап, таныстырып келе жатқан жайымыз бар. Менің мақсатым - еліміздің музыкалық деңгейін көтеру. Басқа коммерциялық дүниелер жасау керек те шығар, бірақ мен ондайды білмеймін. Жалпы ол жайында ойламаппын да. Өзімнің гастрольдік-әртістік, әншілік қызметіммен бірге сабақ бердім. Эстрада цирк колледжінде, кейін Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында шәкірт тәрбиеледім. Олардың көп бөлігі бүгінгі таңда Қазақстанның әр түкпіріндегі театрларда жұмыс істейді. Алматының өзінде де шәкірттерім әр салада белді қызметтер атқарып жүр. Кинода да ойнап жүр. Осы кезге дейінгі еткен еңбегімнің айғағы болар. 

– Қазақ эстрадасында жас, болашағы үлкен  әншілер  бар деп ойлайсыз ба?

– Мен олардың бәрін тек бір деңгейде ғана көремін. Оларды «Евровидение», «Юрмала» сынды халықаралық байқауларға жіберуге келгенде, кімді атап айтарымды білмеймін. Міне, қазіргі деңгейіміз тек қазақ эстрадасының айналасында қалып қойған болып шығады.

– «Евровидение» сынды байқауларға жіберу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Бізде сазгерлер жоқ, қарапайым әнді үлкен туындыға айналдырып беретін, аранжировка жасайтын адам жоқ. Осы жерден біз ақсаймыз.

– Бір композитор өз сұхбатында, қазіргі эстрада дегенде, бірден той әндері еске түседі дейді. Мысалы, өзіңіз әндерге тапсырыс бересіз бе?

– Мен репертуарыма үлкен талғаммен қараймын, тойдың әні дейтіндей ән жоқ репертуарымда, ең бірінші, музыканың деңгейіне өте қатты мән беремін, сондықтан қоржыным күнде жаңа әндермен толығып жатпайды. Бір ән пайда болып қалуы мүмкін. Оның өзі – жүздеген әннің арасынан таңдалып, іріктеліп алынатын ән.

– Сазгерлер мен әншілердің деңгейі туралы пікіріңіз қандай?

– Сазгерлер де, әншілер де қазір көбінесе көркемөнерпаздардың арасынан шыққандар, музыкадан хабары аз, ойдан, қырдан келгендер көп қой бізде. Солардың арасынан консерватория бітіріп, теоретик болған бірде-бір композитор көрген жоқпын.

– Сіздердің жастық шақтарыңыз Кеңес одағының кезінде өтті. Міне, бүгін тәуелсіздік алғанымызға 23 жыл толып, сол сырғыған жылдармен бірге жаңа буын өсті. Елу жылда ел жаңа дейтін болсақ, осы тәуелсіз елде дүниеге келген жастардың бойынан егемендіктің рухын көре аласыз ба?

– Қазіргі кезде біздің жастардың әрбіреуінің бойында «Мен – қазақпын, егеменді, тәуелсіз Қазақстанның баласымын» деген үлкен патриоттық сезім бар екенін байқаймын. Себебі, олар - совет одағын, коммунистік партияны білмей өскен ұрпақ. Ол – біздің кездегі өмір. Ал қазіргі жастар жаңа өмірге бет бұрған. Әлиді де солардың қатарына қосамын, өйткені 1991 жылы, Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келді. Олар тек қана бүгінгі тәуелсіз Қазақстанды біледі. Қазақтығын ғана біледі. Басқаларға қатысы жоқ. Бұрынғыдай «мен – кеңес одағының адамымын» деген ой жоқ. Оның ішінде 15 одақтас республика, оның ішінде қаншама АЕССР бар, кішкентай мемлекеттер бар, сондағы қаптаған ұлттың арасындағы бір ел ғана болсақ, қазір егеменді, тәуелсіз мемлекеттің ұландары да болмайтын еді. Сондықтан да тәуелсіздігімізді сақтайтын егемен елдің ұландары аман болсын. 

–  Сұхбаттасқаныңызға мың алғыс, сізге үлкен шығармашылық табыстар тілейміз!

 

Сурет: altaynews.kz

Е. Жұмабайұлы