- Негізгі бет
- Музыка
- Романсқа ғашық жандар...
Романсқа ғашық жандар
19 қыркүйек күні "Романс сиқыры" топтамасы аясында Камералық залда өтетін "Жүректен шыққан үн" концертінде сахна төріне романсты орындаудың хас шеберлері – "Астана Опера" театрының опера солистері мен оркестр әртістері шығады. Осынау жанрды сүйіп тыңдаушылар үшін атақты композиторлардың танымал романстары мен әндері, аспаптық жауһар туындылары әзірленген.
Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (сопрано) Айгүл Ниязова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (меццо-сопрано) Дина Хамзина, Елена Ганжа (сопрано), Рамзат Балакишиев (тенор), Болат Есімханов (бас), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (скрипка) Мақпал Бекмағамбетова, халықаралық байқаулардың лауреаты (виолончель) Асқар Мұқанов қатысады. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова.
"Бұл музыкалық топтаманың концерттерін елордалық тыңдарман жақсы көреді. Кеш бағдарламасына көне романстар, сонымен қатар М.И.Глинка, П.И.Чайковский, Н.А.Римский-Корсаков сынды орыс композиторларының романстары енді. "Күміс ғасыры" ақындарының өлеңдерінен шабыттанған керемет сазды әуендердің үйлесімі кештің поэтикалық көңіл-күйіне арқау болмақ. Әрине, концерттің басты тақырыбы – "махаббат", дегенмен бағдарламаға жылдың ең көрікті мезгілі – күзге арналған романстарда енген. Вокалдық музыкадан бөлек, аспаптық әуендер де шырқалады. Виолончелист Асқар Мұқанов пен скрипкашы Мақпал Бекмағамбетованың интерпретациясында танымал әрі сирек орындалатын туындылар тыңдарманға жол тартады", - деді концерттің авторы Раушан Бескемпірова.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері сопрано Айгүл Ниязова концерт бағдарламасының тыңдармандармен сырлы сұхбат құруға жағдай жасайтынын атап өтті.
"Дайындық барысында Рамзат Балакишиев екеуміз дауыстарымыздың керемет үйлесетінін аңғардық, бұл ансамбльде орындау кезінде аса маңызды. Біз А.Е.Варламовтың "Горные вершины", С.И.Танеевтың "Как нежишь ты, серебряная ночь" сынды лирикалық дуэттерді орындаймыз, сондай-ақ А.С.Даргомыжскийдің әзілге толы "Ванька – Танька" дуэті де шырқалады. Бұл актерлік шеберлікті талап етеді, бірақ тыңдаушы қауымның көңілінен шығады деп сенеміз. Бұдан өзге, көптеген жаңа туындылар орын алады, себебі, біз, әртістер, камералық орындаушылықта өсіп-өркендегіміз келеді әрі тыңдаушыларымызға жаңа шығармалармен танысу өте қызықты болары сөзсіз", - деп қорытындылады Айгүл Ниязова.
А. Оралқызы