Nirvana тобының солисі, рок музыкаға ессіз ғашықтардың сүйікті орындаушысы Курт Кобейннің балалық шағы өткен үй бәссаудаға шығарылды. Лоттың алғашқы бағасы $ 225 000 құрап отыр.
Вашингтон штатындағы Абердин қаласында орналасқан қарапайым үйде Курт 2 жасынан бастап мектепке барғанға дейін тұрған. Кейін ата-анасы ажырасып, өзге қалаға қоныс аударады. Дегенмен, тағдыр айдап музыкант бұл үйге 16 жасында қайта оралады. Кобейннің музыкасына табынушылар бұл үй оның шығармашылық талғамын қалыптастыруға зор әсер еткенін айтады.
Үй қабырғаларында Курттың жасөспірім кезінде салған суреттері мен жазбалары әлі күнге дейін сақтаулы тұр.
Музыкант 1994 жылы бар болғаны 27 жасында өмірден өтті. Курт қамшының сабындай қысқа ғұмырында көптеген өнерсүйер жұртшылықтың “батырына” айналып үлгерген болатын. Әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналған әншінің жетістігін көре алмаушылар да аз емес еді. Оның мезгілсіз өлімінің нақты себебі әлі күнге дейін анықталған жоқ. Бәлкім, Курттың қазіргі заман жастары үшін де батыр болып қалуының бір құпиясы да осы шығар. Жұмбақ бейне әлі күнге дейін көпшіліктің есінде.
Кобейнің шығармашылығымен таныс емес оқырмандарымыз үшін атақты рокердің өмір жолы туралы қосымша ақпарат ұсынып отырмыз.
Курт Дональд Кобейн — америкалық музыкант, «Nirvana» рок тобының әншіci, гитарисi және әндердің авторы.
Курт Дональд Кобейн 1967 жылы 20 ақпанда, Вашингтон штатының Абердин қаласындаы Grays Harbor ауруханасында Венди Элизабет пен автотехник Дональд Лиланд Кобейннің отбасында дүниеге келген. Кобейннің арғы тегінде ирландиялықтар, ағылшындар, шотландиялықтар мен немістер болған. Курттың ирландиялық бабалары 1875 жылы Солтүстік Ирландиядағы Тирон графтігінен Канадаға көшіп, кейін Вашингтонға қоныс аударған. Кобейннің 1970 жылы 24 сәуірде дүниеге келген Кимберли есімді туған қарындасы бар.
Курт бала кезінен музыкаға жақын болып өсті: анасының ағасы Чак Фраденбург өзінің The Beachcombers атты тобында өнер көрсеткен, Мэри Эрл әпкесі түрлі ансамбльдің құрамында гитарист болған, немере атасы Делберт әншілік қабілетімен ерекшеленіп 1930 жылы түсірілген «Джаз королі» (King of Jazz) фильмінде ойнаған. Курттың туысқандарының айтуынша, ол екі жасқа толған шағынан бастап The Beatles тобының әндерін шын сүйіспеншілікпен айта бастаған. Ал алғашқы өлеңін төрт жасында жазған екен. Оның бойында музыкалық қабілеттен басқа, суретшілік өнері де табылатын. Курт жеті жасқа келгенде оның ата-анасы ажырасып кетіп, бұл оқиға балаға көп әсер етті. 1993 жылы берген сұхбаттарының бірінде Кобейн ата-анасының ажырасуы туралы былай деді:
«Мен жұрт алдында өз ата-анам үшін ұялатынмын. Сол себепті, сыныптастарыммен дұрыстап сөйлесе алмайтынмын. Мен әкем де, анам да бар толыққанды отбасым болса деп армандайтынмын. Менің ата-анама деген ренішім ұзақ жылдар бойы сақталды».
Курт 14 жасқа толған шағында Чак есімді ағасы туған күніне сыйлаған гитарада ойнауды үйрене бастады. The Beachcombers тобының музыканты болған Уоррен Мейсон оның алғашқы ұстазына айналды.
Курт шығармаларына панк және хард рок элементтерін қосатын (кейін бұл стиль гранж деп атала бастады). Осы бағытқа әуестігі артып, топ құрсам деген арман пайда болды.
Анасы екінші рет тұрмысқа шыққаннан кейін Курт үйден кетуге мәжбүр болды. Кейін ол үнемі бір үйден екінші үйге көшіп жүрді. Кейде тіпті жолдастарының үйлерінің ауласында түнейтін, кітапханаларда да күннің аяқталуын күтіп көп уақытын өткізетін. Курттың айтуынша, ол біраз уақыт Уишка өзенінің көпірі астында қоныстаған. Бұл өмірлік тәжірибесі оны “Something In The Way” әнін жазуға шабыттандырды.
1985 жылы бас гитарист Дейл Кровер, барабаншы Грег Хокансонмен бірлесе Fecal Matter тобын құрды. Өкінішке орай, Fecal Matter жаңа диск шығарып үлгерместен, бір жылдан соң ыдырап кетті. Кейін жаңа топ құрғысы келген Курт достарына Fecal Matter-дің деможазбасын тарата бастады. Жазбалардың біреуі Крист Новоселичтің қолына түскен екен. Бірнеше айдан соң Крист Куртқа жаңа топ құруға ұсыныс білдірді. Жаңадан құрылған топ атауын бірнеше рет ауыстырды: «Skid Row», «Ted Ed Fred», «Bliss», «Pen Cap Chew». Топтың ақырғы атауы «Nirvana» болды. «Мен жағымды естілетін әрі үйлесімді атау іздестірдім»,– деді Курт сұхбаттарының бірінде. 1988 жылы топтың алғашқы синглі — «Love Buzz/Big Cheese» атты ән жарық көрді, ал келесі жылы Nirvana-ның дебюттік альбомы — Bleach сатылымға шықты. 1991 жылы жарық көрген Nevermind альбомы Nirvana тобына атақ пен табыс әкелді. Таң қалдыратыны, «Smells Like Teen Spirit» әні MTV телеарнасының хит әніне айналды (алғашында альбомның басты синглі «Lithium» болады деп жоспарланған). Кобейннің өзі кенеттен басына түскен атақ пен танымалдықтан ыңғайсыздық сезінді, өйткені, оның шығармашылық жолындағы мақсаты бұл емес еді.