Әлемнің 16 елінен 70-тен аса музыкант Алматыда өтетін The Spirit of Tengri 2019 заманауи этникалық музыка фестиваліне қатысады. Фестиваль 25-26 мамырда Республика сарайының (Абай - Достық) алдындағы Абай алаңында өтеді. Концерт 17:00-де басталады, кіру - тегін. Музыкалық шоу Жастар жылын атап өту аясында Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен өтеді. Жобаның бас серіктесі - Salem Social Media.
Фестивальдің ашылу салтанатына әлемге әйгілі, тамақпен ән айту орындаушысы тывалық Радик Тюлюш қатысады. "Құрметті достар, мен Қазақстанда бірнеше рет болғанмын. Міне, елдеріңізге тағы да ат басын бұратын мүмкіндік туып отыр. Есімде не қалды? Табиғатты айта аламын: таулар, дала, әсемдігін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сондай-ақ, әрине, бұл елдің халқы. Қазақстандықтардың маған жылы шыраймен қарағаны, көздері бақытқа толы болғаны есімде қалыпты", - деді музыкант.
"Мұнда мәдениет пен өнер саласына жақын жасампаз адамдар көп. Қазақстан мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді сақтауды біледі. Халықтың дәстүрін, дүние сезімін, түсінігін сақтау кезінде музыка өте құнды саналады. Этникалық музыка - біздің тамырымыз. Әлем өте үлкен. Әрістер түрлі елдің мәдениеті пен дәстүрін көрсететін фестивальдің ұйымдастырушыларына алғыс айтады. Бұл - әлемге саяхаттау тәсілі", - деді ол.
Salem Social Media компаниясының бас директоры Александр Аксютиц алдағы фестивальдің ерекшелігі мен қазақстандық сапалы контентті жасау жолындағы өзара әріптестіктің маңыздылығын айтып өтті: "The Spirit of Tengri - қазақстандық өндірістің мәдени өнімі, ол соңғы жылдар ішінде жаңа нәрсені ашу үрдісін жақсы көретін музыканттарды біріктірді. Salem Social Media бір жылдың ішінде Қазақстандағы бейнеконтенттің ең үздік креативті адамдарын біріктіріп, енді халықаралықаралық деңгейге шығып жатыр.
Елге махаббат, өз болмысыңды көрсету, шабыттандыру және шабыттану ниеті, эмоцияны бөлісу секілді құндылықтардан құралған фестиваль елдегі ең басты мәдениет оқиғалардың бірі болатыны анық". "Бүкіл әлемнің жүз мыңдаған жасампазын шабыттандыратын фестивальдің осындай өнерпаздық әлеуеті Salem Social Media үшін басты құндылық саналады. The Spirit of Tengri фестивалінің басты әріптесі болу мүмкіндігін компания түркі халқының бай мәдени мұрасын дамыту жолында жаңа толқын ашу мүмкіндігі деп қарайды", - деді Александр Аксютиц.
Сондай-ақ The Spirit of Tengri фестивалінің қонақтарын Өзбекстан, Эстония, Украина, Венгрия, Мозамбик, Испания, Тыва Республикасы, Әзербайжан, Үндістан, Мали, Нигер Республикасы, Алжир, Грузия, Мысыр, Иран, АҚШ пен Қазақстан ұжымдарының өнерлері күтіп тұр.
Svjata Vatra тобының фронтмені Руслан Трочинский Украинада дүниеге келген, бірақ 15 жыл бойы Эстонияда тұрып жатыр. Ұжым украиналық және эстониялық ұлттық әуендерді заманауи өңдеумен орындайды. Фестиваль үшін топ қазақ тілінде ән дайындаған. Осылайша, олар бірге мәдени жобалар өткізуге дайын екенін көрсетті. Топ фестивальға Эстонияның Қазақстандағы елшілігінің көмегімен келеді.
"Былтыр Қазақстанда Nomad Way фестивалінде болдық. Фестивальді ұйымдастыру жағы өте ұнады: кәсібилік деңгейі жоғары, "Бәйтерек"," Экспо-орталық", тамаша ұлттық тағамдар. Бірақ барлығынан да есте қалғаны - көрермендер: ашық, мейірімді, қуанышты, эмоционалды. Олар бізбен бірге ән айтып, би билеп, кейін концерт біткен соң әңгімелесуге жанымызға келді.
Фестиваль мәдени құндылықтарды сақтауға оң әсерін тигізетініне сенімдімін. Себебі халық әндері және асқан шеберлікпен, заманауи ән орындайтын әртістерінің арқасында барлық келген үлкен-кіші мәдениетке терең үңіледі. Этникалық музыка бізді бала кезден, ана құрсағынан тәрбиелейді. Себебі аналарымыз бесік жырын айтып ұйықтататын. Жыл сайын біз халқымыздың салт-дәстүрі, мерекелері туралы көкжиегімізді кеңейтеміз және онымен әрдайым музыка болады. Ол бізге эмоция, үміт, қуаныш, естеліктер сыйлайды. Музыка-ұрпақ арасындағы байланыс. Біз бір әнді шырқағанда, өзімізді бүтін бір дүниедей сезінеміз", - деді Руслан Трочинский.
Сондай-ақ, концерттен алған әсерін венгриялық Kerekes Band ұжымының қатысушылары бөлісті. Олардың келуі Қазақстандағы Венрия елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған.
"Сәлем, Қазақстан! Сәлем, The Spirit of Tengri! Мінекей, Kerekes Band тобы екінші рет сіздердің әсем де көркем елдеріңізге келіп тұр. Былтыр біз елордада өнер көрсеттік, өте таңғажайып шоу өткіздік. Сіздердің ілтипаттарыңызға және шынайы достықтарыңызға алғыс білдіреміз! Біз ұлы ақын Абай Құнанбайұлының поэзиясына тәнті болдық. 2018 жылы біз оның шығармашылығымен таныс болдық. Сіздердің фестиваль әртүрлі мәдениеттердің тоғысатын жері, мұнда төрт құрлықтан әртүрлі топтар қатысып жатыр. Ал оларды музыка бір арнаға тоғыстырады.
Біз фестивальдың жастар жылына ұштасып тұрғанын білеміз. Сондықтан да осы шара арқылы жастарды басқа елдердің музыкасымен, мәдениетімен, дәстүрімен таныстырып, олардың ой-өрісін кеңейтуге ықпал ету өте маңызды. Рақмет, The Spirit of Tengri! Жақында көрісеміз!".
Сондай-ақ, қазақстандық көрерменмен таяуда кездесетініне мозабик музыканты Childo Tomas та қуанып отыр: "Қазақстанды жақсы көремін! Себебі бұл ең әдемі елдердің бірі, мұнда достарым да көбейді, олармен жақын дос болдық, татумыз. Жыл сайын Қазақстанға келіп жүргенім үшін бақыттымын, себебі бұл елді қатты жақсы көремін, кереметтей сезіммен келемін. Неге? Себебі бұл елдің тарихы, асы, сәулеті ашықтығымен, сұлулығымен, қонақжайлығымен таңғалдырады. Мұнда өз үйімде жүргендей боламын, тіпті отбасым да бар - The Spirit of Tengri ұйымдастырушы командасы! Тағы да шақырғандарыңызға алғыс! Көріскенше!".
Фестиваль қолдаушысы - Tez Tour Kazakhstan туроператоры, ал KZ Sound компаниясы техникалық қолдау көрсетеді. Фестивальдің ресми суы ‑ Samal.
The Spirit of Tengri халықаралық мультимәдени жобасыy 2012 жылы Tengri FM ұлттық қазақстандық радиостанциясы құрған. Тамаша музыкалық қойылымның мақсаты ‑ қазақстандықтар мен еліміздің қонақтарын Ұлы дала және бүкіл әлем халықтарының мұрасымен таныстыру. Жоба ұлттық ауқымдағы мәдени бренд мәртебесіне ие. Фестивальді ұйымдастырылып жатқалы 120 мыңнан аса адам тамашалаған. The Spirit of Tengri жобасы аясындағы концерттер - ақпараттық көркем материалдар мен видео контентпен сүйемелденетін жарқын, әсем музыкалық шоу. Сондықтан, оларға тек ойын-сауық емес, білім беру сипаты да тән.
Жыл сайын The Spirit of Tengri сахнасына әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған танымал әртістер шығады. Фестиваль өтіп келе жатқан уақыттан бері 80-нен аса елдің белгілі музыканттары мен ұжымдары қатысып шықты. Фестиваль командасы отбасы мерекесінің ерекше атмосферасын туғызып, онда Алматы тұрғындары мен қонақтары асқан қызығушылықпен жиналады. Олар жәрмеңке аралап, этникалық шеберлер қалашығын тамашалап, киім, музыкалық аспап және ескерткіштер сатып ала алады. Концерт real-time режимінде кең форматты LED-дисплейлерінде таратылып, онлайн-алаңдарда тікелей эфирге шығады.
Алдыңғы жылдары фестивальді Kaspi.kz пен Magnum Cash & Carry қолдаған.