- Негізгі бет
- Музыка
- Павлодарлық домбырашы Италиядан...
Павлодарлық домбырашы Италиядан бас жүлдемен оралды
Павлодар музыка колледжінің студенті Ерасыл Әділбеков "Магия Italiana-2012" балалар мен жастар шығармалығы халықаралық конкурсы-фестивалінде гран-при иеленді деп хабарлайды newskaz.ru
Музыканттың оқытушысы Рыскүл Сабекованың айтуынша, "Магия Italiana-2012" балалар мен жастар шығармалығы халықаралық конкурсы-фестиваліне Испания, Италия, Болгария, Грузия, Ресей, Польша, Қырғызстан және Қазақстан елдерінің елуге жуық жас дарындары қатысқан. Фестивальде ел намысын Павлодар музыкалық колледж шәкірттері қорғады: Ерасыл Әділбеков, Дамеля Сейфуллина, Айдана Бәйкенова. Қазақ жастары "Атамұра" ансамблі ретінде өнер көрсетіп, түрлі туындыларды жеке де орындаған.
"Алғашында конкурста гран-при жүлдесі болмады, бірақ Ерасылдың жеке өнер көрсетуінен соң қазылар алқасы бір ауыздан оған гран-при беруді шешті. Ерасыл фестивальде Нұрғиса Тілендиевтің "Баламишка" күйін және орыс халық әндері попурриін ұсынды", - дейді оқытушы.
Гран-приден бөлек қазақ музыкант жастарының қоржынында "Атамұра" ансамбліне табыстаған бірінші орын да бар. Конкурста олар қазақ күйлерінің попурриі мен Нұрғиса Тілендиевтің "Аққу" күйін орындады. Халықаралық жюри музыканттардың дайындық деңгейін, орындауын, әртістік қабілеттерін және бірегей репертуарлары мен киімдерін өте жоғары бағалаған.
Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков
Сурет: rudocs.exdat.com
Ж. FM