Қой жылының қалталы әншілерінің тізімін «Форбс» журналы мен «Муззон» телеарнасы бірігіп жариялады. Дегенмен жылдың соңында болған дағдарыстың салқыны отандық жұлдыздардың табысына да әсер етпей қоймағаны анық. Олардың арасында кірістері бірден 50% азайғандары да бар.
Қайрат Нұртас
Еңбекқор әрі елдің сүйіктісіне айналған Қайрат бірнеше жыл бойы ең табысты әншілердің қатарынан түспей келеді. Оның қой жылында тапқаны 2,5 млн долларды құраған. Оның жартысы гастрольдік сапарлар мен халық әртісі Мақпал Жүнісовамен өткізген кешінен түскен. Оған қоса киім-кешек сататын дүкені де пайда әкелген.
Баян Есентаева
«Кешью» мен «Лашын» тобына продюсерлік ететін Баян қалталы өнер иелерінің екінші сатысына жайғасты. Оның жылдық кірісі – 1 млн доллар. Продюсер тек бір ғана «Кешью» тобынан жылына 500 мың доллар табыс табады екен. Өткен жылы телехикая түсіріп қаржысын еселеді.
Бүркіт пен Аиша
Бүркіт пен Аиша да Баяннан қалысар емес. Екеуі 1 миллиондай доллар жинаған. Екі бірдей бейнебаян түсіріп, Бүркіт «Хайат» атты топтың продюсері атанды.
Асхат Тарғынов
2015 Асхат үшін қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған жыл болды. Бір ғана әні "Мария Магдалена" әншіге 960 мың доллар табыс әкелді. Оның әнін көбінесе телефон пайдаланушылар қолданған. Кірісінің жартысын осы қызметтен тапса, қалған бөлігін той-томалақтан түсірген.
Айқын Төлепберген
Айқын елімізде ғана емес Қытайда да он екі рет концерт беріп қайтты. Әншінің жылдық кірісі 600 мың долларды құрайды. Жылына қомақты қаржы тауып жүрген әнші мемлекетке тиісті салығын уақытында төлеп тұрады екен.
Серік Ибрагимов
Сахнада жүргеніне небәрі үш жыл болған жас әнші шоу-бизнестен аз ақша таппапты. Бір жылда – 300 мың доллар. Ол кірісінің басым бөлігін тойдан табатынын айтады.
Мақпал Исабекова
Мақпалдың жылдық табысы да 300 мың долларды құрады. Ол бар табысын актерлік қызметінен тапқан. Актриса ретінде «Қамау» фильмінде басты рөлде ойнаған әнші кейін телехикаяға түсіп бірнеше киноларды дыбыстаған.
Әли Оқапов
Роза Рымбаеваның баласы өзін елге әнші ретінде ғана емес режиссер ретінде де танытқысы келетінін жасырмайды. Ол режиссер болып бағын сынап та көрген. Әзірге Әлидің табысы – 300 мың долллар.
Дереккөз: oinet.kz