Әртіс боламын деген бала күнгі арман, өнер әлемінде өз орнымды табамын деген талпыныс − мұның бәрі қазірде артта қалған бір елес секілді. Отбасының берекесі үшін өнерін ысырып қойып, тұрмыс тірлігіне кіріскен өнерпаздар аз емес. Алдарыңызға өнер әлемінен алыстап, отбасының ұйытқысын келтіріп отырған өнер иелерін назарларыңызға ұсынамыз.
Ұлықпан Жолдасовтың жұбайы Айған Жолдасова мектепте оқып жүргенде фортепианода шебер ойнаған. Ауылдасы Ұлықпан Жолдасов та оны дәл фортепианода ойнап отырған сәтінде байқап қалады. Кейін өзінің ансамбліне шақырады. Осылайша ансамбльмен талай концерт қойып, гастрольдерге аттанған. Екеуі дуэт құрып өнер көрсеткен кездері де аз емес. Дегенмен, Айған ханымның әкесі қызының өнер жолын таңдауына қарсы болған екен. Сол себепті ол дәрігердің оқуын оқиды. Бірақ соған қарамастан екі жас үйленген соң да бірігіп өнер көрсетуді жалғастырады. Алайда ұл-қыздары дүниеге келген соң Айған ханым бала тәрбиесімен айналысып, жолдасы Ұлықпанның өнер әлемінде өз орнын табуға бар мүмкіндігін жасайды. Қазірде ол сазгердің барлық менеджерлік жұмыстарын реттеумен айналысады.
Танымал әнші Сәкен Майғазиев жары Динарамен Өнер институтында бірге оқыған. Яғни Динара да "вокал" маманы. Сәкен Майғазиев тіпті әйелінің қызыл диплом алып, ал өзінің көк диплом алғанын да жазған еді. Алайда студенттік жылдардан кейін Динара кәсібін ауыстырып, логопед мамандығын игереді. Екі жас "Бір отбасында бір өнер адамы жетеді" деген қағиданы ұстанған болса керек, Динара жолдасының өнер жолында өрлеуіне сырттай тілекші болып қана келеді. Алайда әншіге вокалдық жағынан кеңес беріп тұратын көрінеді.
Асыл Беделхан атақты "Орда" тобының мүшесі Ерболат Беделханға тұрмысқа шықпай тұрып "Дауыс International" тобында өнер көрсеткенін білеміз. Ол солист болып жүргенде аталмыш топ халық арасында танымалдылыққа ие болды. Әртіс болуды армандаған Асыл кішкентай кезінен ән, бимен айналысты. Болашақ жары Ерболатпен де осы би тобында өнер көрсетіп жүргенде танысқан. Өнер жолында өз орнын табуға бел буған Асыл отбасын құрмай тұрып, жеке әнші болып қалыптасқысы да келді. Алайда бұл ісі оңға баспады ма, кейін Ерболаттың үйленуге ұсынысын қабылдап, тұрмыстық өмірге басымен кірісіп кетті. Бір жылдары Асыл Ұлттық арнаның "Қазақстан дауысы" жобасына қатысқанын да байқадық. Соған қарағанда Асыл әлі де өнермен қош айтысқысы келмейтін көрінеді.
Superstars.kz телевизиялық жобасының қатысушысы Жанар Хамитова Нұржан Керменбаевпен "Арнау" тобын құрып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Екі жастың махаббаты жайлы да айтпаған, жазбаған басылым болмады. Алайда бір сәтте Жанар Хамитова топтан кетіп, Нұржанмен арадағы қатынасын үзді. Бұған себеп - оның жаңа махаббаты болған. Қазір Жанар екі баланың анасы, отбасының ұйытқысын келтіріп отырған аяулы келіншек. Ол сахналық өмірін біржолата тағдырынан сызып тастағысы келгендей. Қазірде ол жайлы БАҚ-та еш ақпарат жоқ.
Ленара - 2000 жылдардың басында құрылған "Рахат-Лукум" тобының жарқын әншілерінің бірі. Ол топта 7 жыл бойы өнер көрсеткен. Кейін ресейлік Hi-Fi тобына шақырту алған көрінеді. Алайда олардың тығыз графигі қыздың көңілінен шықпапты. Топта ән айтып жүргенде оған қазақстандық атақты бизнесмен, Raimbek Group холдингінің директоры Райымбек Баталов ғашық болады. Кейін ол Ленараға үйленуге ұсыныс жасайды. Қазір Ленара төрт баланың анасы.
Қазақстанда қыздардан құралған топтардың дәуірі енді басталып келе жатқанда эстрадада «Сунекеш» тобы пайда болып, көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Қыздардың қазақилығы, ұзын көйлектер киіп, қазаққа жақын әндерді орындауы топты бірден танымал етті. Әсіресе топ құрамындағы қыздардың сұлулығы көздің жауын алатындай еді. Топ солисі Шамшынахар топ тараған соң да жеке әнші болуға талпынып көрді. Тіпті Сәкен Майғазиевпен дуэт орындап, бейнебаян түсірген еді. Алайда тұрмыс құрған соң сахнада жұлдыз болып жарқыраймын деген арманы су сепкендей басылды. Басына орамал байлаған Шамшынахарды жақында Әйгерім Қалаубаеваның "Бенефис-шоуында" ғана көрдік.
Ақылбек Жеменей жұбайы Орынкүл Әбішеваның да вокалдық қабілеті мықты, бір кездері ән айтып, сахнада өнер көрсеткенін бір сұхбаттарында айтқан. Тіпті кейін әйеліне мүмкіндік беріп, сахнаға қайта шығарғаны да бар. Орынкүлдің сахнаға оралғанын бірқатар БАҚ та жазып үлгерді. Дегенмен, біраз уақыт өткен соң Орынкүл үшінші баласын дүниеге әкеліп, қайта отбасының қамына кірісуіне тура келді. Бәлкім, бұл бір "белгі" болар.
Дереккөз:. Baistars.kz