Таяуда «Жігіттер» квартетінің әншісі Бағлан Әбдрайымов әлеуметтік желі қолданушыларының кейбір қылықтары ұнамайтынын айтып, instagram желісінде өзінің ренішін білдірді.
Оның сөзінше, желідегі қоғамдастық админдері танымал адамдардың атынан жалған аккаунт ашып алады. Ал жұлдыздар сурет жүктесе өз топтарына жазылыңдар деп мазаны алады. «Сондықтан да “анаған жазыл, мынаған жазыл” дегенді қойыңыздар» дейді Бағлан.
Біз де өз кезегімізде әлеуметтік желінің белсенді жұлдыздарының пікірін сұрастырған едік. Сауалнамамыздың сұрағы:
«Интернет қолданушыларының қандай қылықтары ұнамайды?».
Қадырғали Көбентай, әнші-актер:
- Әлеуметтік желінің маған бір ұнамағаны – пікір жазу. Сөйлеу мәдениеті мен біреудің ойын құрметтеудің жоқтығы ұнамайды. Әрбір нәрсеге пікір жазғанда сол жазба авторының ойын құрметтеу керек деп ойлаймын. Тіпті қисыны келсін-келмесін боқтық сөзді араластырып жазатындарды да көрдім. Бұл үлкен мәдениетсіздік.
Себебі адамның жазған пікірін қарап отырып, оның мәдениетінің деңгейін, парасаттылығының деңгейін көруге болады. Дегенмен, мұны тәрбиелеу керек қой. Біз дұрыс пікір жаза білуіміз керек. Мәселен, маған неге сурет сала бересіз деп сұрайтындар көп. Мен неге салмауым керек? Өзім суретшілікке қатты қызығамын, кезінде фотографиямен де айналысқанмын. Сол өте бір терең мағыналы, дұрыс түсірілген суреттерді саламын. Сурет тәрбиелей алады. Бір ұлы адам әлемге екі адамның көзімен қарау керек деген екен. Олар ақын мен суретші. Сол суретті әлеуметтік желіге салғанымда сол суретшінің көзімен көрсе екен деймін. Суреттерге ат қоймауға да тырысамын. Себебі оған қарап отырған адам суретті өз фантазиясымен ұға білуі керек.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан бір ай бұрын Қарақат Әбілдина да өзінің instagram желісіндегі парақшасында пікір жазатын қолданушыларды мәдениетті болуға шақырған еді.
Әлеуметтік желілердегі қолданушылардың мәдениетінің жоқтығын Қайрат Нұртас та айтып отыр. Оның сөзінше, желіде жазылған жаман пікірдің барлығын да көңілге алып, қайғыра беруге болмайды.
Қайрат Нұртас, әнші:
- Ғаламтордағы әлеуметтік желілер пікір білдіруге еркін кеңістік болғандықтан, ондағы жарияланып жатқан ой-пікірлер ешкімнің бақылауында болмағандықтан, мұндай жәйттардың болуы заңдылық деп ойлаймын. Ғаламтордағы «инстаграм» сияқты әлеуметтік желілер жарнама жасаудың жаңа тәсіліне айналды. Қолданушылар да бұл мүмкіндікті барынша қолдануда.
Оларға қанша ренжісек те, тоқтата алмайтын сияқтымыз. Тек қана мәдениет сақтауға шақырамыз. Ал сынап пікір айтатындарға келсек, ондайлардың екі түрі бар. Әдейі тауыңды шағып, еңсеңді түсіргісі келетін, қызғаныш, іштарлықтан шыдай алмай осындай қадамға баратындардың жазбасы, екіншісі – шынайы жанашырлықтан айтылған сын. Осы екеуінің ара-жігі бірден байқалады. Жаман сөздің барлығын көңіліңе алып, қайғыра берсең түгің қалмайды. Ондай сөздерді жазатындардың да басты мақсаты сол. Одан да тілеулес болғандардың пікірінен, қанаттанып ары қарай жұмыс жасай бергенді жөн көремін.
Меруерт Түсіпбаева, әнші:
- Мен осыған байланысты фейсбуктегі парақшама "Әнші болғым келмейді" деген жазба қалдырған едім. Шынында да қазірде интернет бетінде жеке басыңа өтіп, мәдениетсіз сөздер жазатындар баршылық. Бірақ бұған халықты кінәлап, көпке топырақ шашуға болмайды. Мәселен, "әншілер неге әлеуметтік желілерде жауап бермейді, көздері соқыр ма, құлақтары керең бе?" деп, тіл тигізіпті.
Әнші болсын, атақты адам болсын, олардың әлеуметтік желілерде тыңдармандары өте көп. Сол әрқайсысымен отырып әңгімелесу адамға мүмкін емес. Соны түсінсе екен деймін. Сабырлы, мәдениетті пікір жаза алатын болсақ екен.
Әнші Мақпал Исабекова да aldongarovaai нигіндегі қолданушының жазған пікірлерін өшіріп, әлеуметтік желілердегі пікіршілерге ренішін білдірген еді.
«...Мені не деп мазақтамады, маған қандай боқтық сөз айтпады... Неліктен? Менің біреудің өмірін бұздым ба? Біреудің өміріне кірдім бе? Мен тек өз өмірімді сүргім келеді. Менің мақсаттарым мен арманым мұнда мені жамандап жатқандардан әлдеқайда жоғары. Ешкім де сіздердің бақытты болуларыңызға, өз істеріңізбен айналысуларыңызға,мына өмірге рақмет айтып жүрулеріңізге кедергі келтіріп жатқан жоқ, сондықтан сол жолда бір қадам болса да жасаңыздар! Армандарыңызды орындаңыздар!» деп жазады Мақпал.
Естеріңізге сал кетсек, әнші Әли Оқапов "Сырласу" бағдарламасына қонақта болғанда анасы Роза Рымбаеваны сынап, мәдениетсіз сөз айтқандарды «компьютер алдында отырған топастар» деп кінәлаған еді. Кейін ашудан айтқанын айтып, кешірім сұраған болатын.
Ардақ Құлтай
Сурет: massaget.kz