Оспанхан Әубәкіровтің сөзіне жазылған әндер

Оспанхан Әубәкіровтің сөзіне жазылған әндер

Сатираның сардары атанған тілі уытты, қаламы қарымды қаламгер Оспанхан Әубәкіров өз шығармашылығында балаларға арналған өлең-жыр, ертегі, пьеса жазып, аудармамен де айналысқан. Белгілі композиторлардың әндеріне мәтін жазып, өзі де көптеген танымал әндердің авторы атанған. Оспанхан Әубәкіровтың 80 жылдық мейрейтойына орай сөзіне жазылған әндерін топтастыруды жөн көрдік.

*** *** *** 

Мұңайма

Әні: Ә.Бейсеуов

Сөзі: О.Әубәкіров

 

Жаз гүліндей назың қайда

Неге жаным мұңайдың?

Мен сүйетін әнің қайда

Жадырашы шырайлым

 

Қайырмасы:

Жаралағандай сағыныштан

Қайда сенің жақсы әнің

Жүрегімді жарып ұшқан

Дауысыңды аңсадым

 

Көрмегелі айлар өтті

Жұлдыз бардым, ай бардым

Ерке назың қайда кетті?

Қабағыңнан айналдым

 

Қайырмасы:

Жаралағандай сағыныштан

Қайда сенің жақсы әнің

Жүрегімді жарып ұшқан

Дауысыңды аңсадым

*** *** ***

Біздің ағай тамаша

Әні: Н.Тілендиев

Сөзі: О.Әубәкіров 

 

Біздің ағай қызық адам тамаша,

Қызығы бар сан жетпейтін санаса.

Жеңгемізді сыйлайтыны соншалық—

Томпаң қағып жүгіреді балаша.

 

Қайырмасы:

Жеңгей кетсе қыдырып,

Кеш келеді күн жүріп,

Ағай үйде отырады,

Шалпылдатып кір жуып,

Біздің ағай тамаша.

 

Бұл ағайды жеңгеміз де мақтайды,

Жамандауға тіл-аузы батпайды.

Қалай ғана мақтамасын жеңешем,

Мұндай адам дүниеден таппайды.

 

Қайырмасы:

Жеңгей кетсе күн ұзақ,

Дүкен кезіп зар илеп.

Ағай үйде отырар,

Кеспе кесіп, нан илеп,

Біздің ағай тамаша.

 

Кейбіреулер үй шаруасын қалайда,

Жұбайларға ортақ іс деп санай ма?

Жолдасыңа көмектессең несі айып,

Жан жетпейді-ау, шіркін, біздің ағайға.

 

Қайырмасы:

Кім осылай жұбайын

Құрметтейді пір тұтып,

Ағай отыр, мінеки,

Көрпе көктеп, жүн түтіп,

Біздің ағай тамаша.

 

Үй ісіне мойнымызды бұрмадық,

Жүріппіз ғой көп нәрседен құр қалып.

Кел, жігіттер, сеп болайық әйелге,

Аз да болса осы ағайдан үлгі алып.

 

Қайырмасы:

Сенбесеңдер сөзіме,

Қараңдаршы жай байқап.

Ағай отыр, әнеки,

Құрт қайнатып, май шайқап,

Біздің ағай тамаша.

*** *** *** 

Өзің, сәулем, іздегенім

Әні: С.Шәріпов

Сөзі: О.Әубәкіров

 

Шолпандай жарқыраған таң алдында,

Жан ерке, саған теңеу таба алдым ба?

Ажарың алтын айдың таң шапағы,

Құрбым-ау, күн көзінен жаралдың ба?

 

Қайырмасы:

Өзің, сәулем, іздегенім.

Кездесуге жүз келемін.

Сөйлесуге тіл жетпейді,

Қиын екен қыз дегенің,

 

Қараудан-ақ жүзіңе зерікпедім.

Апыр-ау, неткен өзің көрікті едің.

Достар-ау, айтыңдаршы шындарыңды,

Өмірде осындай қыз көріп пе едің?

 

Қайырмасы:

Өзің, сәулем, іздегенім.

Кездесуге жүз келемін.

Сөйлесуге тіл жетпейді,

Қиын екен қыз дегенің,

 

Өзіңе осы әнімді арнадым да,

Алдыңа талай рет бармадым ба?

Жас жаным күтеді әлі үміт таңын,

Қолымды жеткіз сәулем арманыма.

 

Қайырмасы:

Өзің, сәулем, іздегенім.

Кездесуге жүз келемін.

Сөйлесуге тіл жетпейді,

Қиын екен қыз дегенің.

*** *** ***

Сағыныш екен бала кез

әні: Ә.Еспаев

сөзі: О.Әубәкіров

 

Армандай асыл ақ дәурен,

Алыстап кетті-ау қара көз.

Алаулап атқан таңдармен,

Келмейді-ау сол бір бала кез.

 

Тырналар ұшып өткенде,

Түседі-ау еске бала кез.

Қызғалдақ көрсем көктемде,

Түседі-ау еске қара көз.

 

Аққу кеп қонса көліне,

Түседі-ау еске қара көз.

Тырналар қайтса еліне,

Түседі-ау еске бала кез.

 

Сағынған жақсы бір сәтті,

Сағыныш екен бала кез.

Есіме алсам бір шақты,

Арманым екен қара көз.

 

Армандай асыл ақ дәурен,

Алыстап қалды-ау қаракөз.

Алаулап атқан таңдармен,

Келмейді-ау сол бір бала кез.

Топтастырған: Шерхан Талапұлы

Сурет: zhasorken.kz

Н. Айдархан