«Оскар» жүлдесін жеңіп алған 12 үздік ән

«Оскар» жүлдесін жеңіп алған 12 үздік ән

Жыл сайын киноға әлемде мыңдаған ән жазылады. Бірақ тек біреуі үздік деп табылып, алтын мүсіншеге ие болады. Бүгін сіздердің назарларыңызға соңғы 100 жылда үздік деп табылған 12 әнді ұсынбақпыз.

Мадонна («Эвита»)


Мадонна – дарынды әнші, алайда актриса болу оның қолынан келмеді. Актерлік мансабында ол сегіз рет «Алтын таңқурай» антижүлдесін иеленген, соның ішінде ең басты «ХХ ғасырдың ең нашар актрисасы» атағы да соның еншісінде.

Бірақ, ол керемет ән айтатынын ұмытпайық. Сол себепті «Эвита» (1996) фильміндегі «You Must Love Me» әні үшін оған «Оскар» тарту етілді.

Тағы бір дерек: бұл киножобада Мадонна Элизабет Тейлордың рекордын басып озды. Лиззи «Клеопатра» түсірілімінде 64 кәстөм ауыстырса, Мадонна «Эвитада» бақандай 92 (!) рет киім ауыстырған.

Әнге оралсақ, композиторы Эндрю Ллойд Уэббер «Мысықтар» мен «Опера елесінде» деңгейін көрсеткен болатын. «Эвитаға» жазған әнін поп жанрындағы қарапайым ән санаған. Сондықтан үлкен жетістікке жеткеніне өзі де таң қалған.

Адель («Координаттар: Скайфолл»)


Адель – соңғы онжылдықта әлемдік сахнада жарқ етіп жанған жұлдыз. Әнші 25 жасқа толғанша 10 «Грэмми» жүлдесіне және 2013 жылдың үздік әні үшін «Оскарға» қол жеткізді.

Джеймс Бонд жайлы боевиктер желісінде музыка әрдайым жоғары деңгейде. Бір кездері бұл фильмдерде Тина Тернер, Пол Маккартни, Дюран Дюран сынды атақтылар ән айтқан. Бірақ үлкен марапаттарға ие бола алмады.

Ал фильмнің өзін сыншылар ең қызықсыз фильм деп тапты. Тыңшы бұл фильмде аса байсалды, ішпейді, қыз-қырғынды бағындырмайды. Бәлкім көрермендерге шытырман жетіспеген шығар?

Элтон Джон («Арыстан патша»)


Британдық тамаша музыкант Элтон Джон «Арыстан патша» мультфильміне бірнеше ән жазған. Және солардың бірі «Can You Feel the Love Tonight» 1994 жылдың үздік кино әні ретінде басты жүлдені ұтып алды.

Әннің сөзін Тим Райс жазған. Ал әнді жазу кезінде Элтон Джонға "Take That" тобының вокалисі Гэри Барлоу мен актер Роберт Инглунд қосылып айтқан. Бір қызығы, бастапқыда киностудия АBBА квартетінің мүшесі Бенни Андерсонға ән жазуға ұсыныс тастаған. Алайда әнші ұсыныстан бас тартып, нәтижесінде Элтон Джонға бұйырған.

Арыстанның күшігі Симба жайлы мультфильм Диснейдің ең кассалық фильмдерінің бірі. Бюджеті 45 миллион доллар құрайтын жоба прокатта 750 миллион долларға дейін табыс тапқан. Оған қоса компьютерлік ойындар мен жұмсақ ойыншықтардан тағы 3 миллиардқа жуық табыс тапқан.

Брюс Спрингстин («Филадельфия»)


Рок-музыкант Брюс Спрингстин өмірінде екі тамаша ән жазған. Біріншісі, «Born in the USA», 1984 жылы Миссисипиден шығысқа қарай барлығының шатырын кетірді. Екіншісі он жылдан кейін жарып шықты. «Филадельфия» (1993) фильмі үшін арнайы «Streets of Philadelphia» әнін жазып шығарды.

Онда Том Хэнкс ЖИТС-тан көз жұмады, ал жас әрі сымбатты Антонио Бандерас дәл сол сәтте оны қолынан демеп тұрады. Мұндай көрініске сентименталдылық сыйлаған ән осындай тамаша жетістікке жетеді.

Брюс Спрингстин де, Том Хэнкс те «Оскарға» ие болады. Бұл жоба тағы бірнеше жүлде алар еді, алайда дәл сол жылы Стивен Спилберг «Шиндлер тізімін» ұсынған болатын. Ал мұндай салмақты фильмдермен жарысу оңай емес.

«Берлин» тобы («Үздік мерген»)


1986 жылы әлемдегі барлық қыздың жартысы Том Круз жайлы армандады. Және міндетті түрде онымен «Take My Breathe Away» әнінің сүйемелдеуінде билегісі келді.

«Үздік мерген» фильмінде шырқалған «Берлин» тобының бұл хиті олардың мансабындағы жалғыз хит болса керек. «Take My Breath Away» премьерасынан кейін АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия мен Бельгияның барлық ән шеруін жаулап алады. Бұдан кейін «Оскар» бермеу мүмкін емес еді.

Ән көп жыл бойы нағыз романтиканың нышаны ретінде қалыптасты. Оның сүйемелдеуінде әлемнің барлық жұбы биледі.

Билл Медли мен Дженнифер Уорнс («Бейпіл билер»)


Бұл ән бір кездері КСРО-ның барлық видеосалонында даңғырлап тұрды. Бастапқыда фильм аз бюджетті жоба ретінде ұсынылған болатын, бірақ ол аяқ астынан үлкен танымалдылыққа ие болды. Ал Патрик Суэйзиді «Бейпіл билерден» кейін әлем танып, мойындай бастады. Және фильмнің соңындағы «The Time of My Life» әніне би көрінісі маңызды рөл атқарды.

Хитті негізі Билл Мэдли өзі айтуы керек болған, алайда режиссер Эмиль Ардолино Дженнифер Уорнспен дуэт айтып көруді ұсынады. Және дөп басады.

Селин Дион («Титаник»)


Селин Дионның «Титаник» (1997) фильміндегі «My Heart Will Go On» әні көптеген жүлделерге қол жеткізген. Бір қызығы, Селин Дион әнді студияда бір рет орындағаннан жазған. Әннің дүние келуінде орыс эмигранттарының ұрпағы Уолтер Афанасьеффтің (Владимир Афанасьев) еңбегі зор екен.

Одри Хепберн («Тиффанидегі таңғы ас»)


«Moon river»Генри Манчинидің «Тиффанидегі таңғы ас» (1961) фильмі үшін жазған әні. Ол Одри Хепберннің дауыс мүмкіндіктерін ескеріп, әдейі баяу лирикалық ән ұсынған. «Оскардан» кейін ғана хитті Фрэнк Синатра, Сара Брайтман, Луи Армстронг және тағы басқалар қайта орындап шықты.

«Тиффанидегі таңғы асты» танымал еткен тек ән емес, сәнді бұйымдар. Одри Хепберн үшін қара көйлекті Юбер де Живаншидің (атақты француз модельері) өзі тіккен. «Таңғы астағы» дәл сол көйлек бәссаудада 800 мың долларға сатылған. Бұл актрисаның фильм үшін алған қаламақысынан 50 мыңға артық.

Самюэл Райт («Су перісі»)


Диснейлік «Су перісі» мультфильміндегі «Under the sea» әні алтын мүсіншені 1990 жылы иеленді.

Оның басты қарсыласы сол мультфильмде шырқалған басқа ән - «Kiss the girl» болды. Киноакадемия екі туындыны да жоғары бағалап, бір жобаға екі мүсінше табыс етті.

Жалпы әндердің композиторы Алан Менкен бұған дейін түрлі фильмдер мен мультфильмдердегі жобалары үшін сегіз рет «Оскар» жүлдесін иеленген. Теңіз шаяны Себастьянның әнін Самюэл Райт орындайды.

Бинг Кросби («Өз жолыңмен жүр»)


«Өз жолыңмен жүр» (1944) мюзиклінде Бинг Кросби танымал әндер арқылы жастарға оң бағыт беруші, жақсы істерге баулушы жас дін қызметшісін сомдайды. Сол әндердің бірі «Swinging on a Star» жыл әні болады. Ал жалпы фильм жеті мүсінше алады, соның ішінде «Оскарды» ең үздік фильм номинациясы бойынша жеңеді.

Энни Леннокс («Сақиналар әміршісі: Корольдің оралуы»)


Ерекше дарынды Энни Леннокс «Сақиналар әміршісі: Корольдің оралуы» (2003) фильмі үшін «Into the west» балладасын жазып шығарған. Шотландтық әнші әнді орындағанда барлық эльф қызғаныштан көгеріп кетеді. Қаһармандық трилогия үшін бұдан асқан финалдық аккорд ойлап табу мүмкін емес.

А. Р. Рахман («Лашықтан шыққан миллионер»)


«Лашықтан шыққан миллионер» 2008 жылғы «Оскарда» бәрін таң қалдырды. Фильм сегіз бірдей марапатқа ие болып, оның ішінде «Jai Ho» әні де үздік деп танылды. Аса танымал емес композитор А. Р. Рахманның туындысын аса танымал емес үнді әншілері орындаған. Тек «Оскардан» кейін ғана Pussycat Dolls тобы оған жаңа дем беріп, әлемдік хитке айналдырды. 

Сурет: wday.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina