16 қыркүйек күні Астана Опера Үлкен залының сахнасына есімдері әлемге кеңінен танымал музыканттар: виолончелист әрі дирижер, П.И.Чайковский атындағы Халықаралық байқаудың бірінші сыйлық (алтын медаль) лауреаты Давид Герингас; С.Кнушевицкий атындағы Халықаралық байқаудың І сыйлық лауреаты Дали Гуцериева (виолончель) және Пласидо Домингоның Опералия Халықаралық вокалистер байқауының І сыйлық лауреаты Екатерина Лехина (сопрано) шығады. Сонымен қатар Орындаушылық өнердің жарық жұлдыздары концертінің бағдарламасы Астана Опера Симфониялық оркестрінің керемет өнер көрсетуімен өтеді. Тыңдарман назарына Франц фон Зуппенің Ақын және шаруа увертюрасы, Константин Боярскийдің виолончель, сопрано және симфониялық оркестрге арналған концерт-сюитасы ұсынылады. Бұдан бөлек, Макс Брухтың виолончель мен оркестрге арналған Kol Nidreі туындысы шырқалып, кеш Феликс Мендельсонның №4 Симфония, Итальяндық, ля мажор, ор.90 шығармасымен шымылдығын жабады. Астана Опера Симфониялық оркестріне маэстро Давид Герингас дирижерлік етеді, ол сондай-ақ Макс Брухтың Kol Nidreі туындысын орындап, виолончелист ретінде жеке өнер көрсететін болады. Еске салар болсақ, Давид Герингас өзінің шебер ойынымен, сондай-ақ Бах пен Моцарттан бастап Губайдулина мен Васксқа дейінгі ауқымды репертуарымен кеңінен танымал. Алғашқылардың бірі болып Батыста Ресей мен Прибалтиканың авангардист-композиторларының музыкасын ұсынды. Олардың көпшілігі өз туындыларын музыкантқа арнаған.Дирижер ретінде Еуропа, Мексика, Коста-Рика, Исландия, Жапония, Қытай оркестрлерімен жұмыс жасады. Оның әріптесі виолончелист Дали Гуцериева дарынды ресей музыканттарының жаңа толқын өкілдеріне жатады.С.Кнушевицкий атындағы Халықаралық байқаудың І сыйлық лауреаты.Замандасымыз, ресейлік-британдық композитор Константин Боярскийдің виолончелистке арнап жазған Дауыс, виолончель және оркестрге арналған сюитасы Астана Опера сахнасында шырқалады.Жас солист тұрақты түрде Финляндия, Испания, Италия, Чехияның ірі театрларының сахнасында өнер көрсетеді. Дали Гуцериевамен бірге Константин Боярскийдің дауыс, виолончель және оркестрге арналған сюитасын Үлкен театрдың солисі, 2007 жылы Пласидо Домингоның Опералия Халықаралық жас вокалистер байқауының І сыйлық лауреаты атанған әнші-сопрано Екатерина Лехина орындайды. 2008 жылы ол Гофман ертегілеріндегі Олимпия партиясымен Ковент-Гарден Корольдік опера театрында дебют жасап, 2011 жылы Грэмми америкалық дыбыс жазу академиясының Ең үздік опера жазбасы аталымы бойынша беделді марапатына ие болды.