- Негізгі бет
- Музыка
- Оралыңның барында... клип...
Оралыңның барында... клип түсір
Қазақстандық «КешYou» тобы және оның солисі Жанар Дұғалова тыңдармандарына екі бейнебаян дайындауда.
Бейнеклиптер топтың «Turkvizyon» байқауының іріктеу кезеңінде шырқаған «Ризамын» әні мен Күләш Байсейітованың өмірбаянына негізделген телехикаяның саундтрегі болатын Жанар Дұғалованың «Бір тілек» әндеріне түсірілді.
Ерекшелігі – екі бейнеклип те Орал қаласында түсірілген. Бұған дейін бұл қалада бірде-бір өнерпаз бейнеклип түсірмеген екен. «Ризамын» бейнеклипіне кең байтақ қазақ даласы негіз болса, «Бір тілек» Орал қаласында сақталып қалған XVIII-XIX ғасыр мәдени орындарын көрсетуге бағытталған. Өйткені, «Күләш» телехикаясы түсірілімінің басым бөлігі осы қаланың көне ғимараттарында өткен.
Қыздардың «Ризамын» бейнеклипіндегі образдарын қазақстандық дизайнер Аида Қауменова жасаған. «КешYOU» қыздары көрермендер алдына ірі әшекейлермен көмкерілген сары және көк ұзын көйлектерімен шығады. Ал ерекше әсемдік беріп тұрған ұлттық бас киімдерді нағыз зергерлік өнер туындысы деуге болады.
«Бір тілек» бейнеклипіндегі Жанар Дұғалованың нәзік, ақ жылтыр көйлегі де қазақстандық дизайнер Наиль Байкучуковтың туындысы. Екі әннің әуендерін жазған – топ солисі Жанар Дұғалова. Бейнеклиптер жақын арада қазақстандық арналардан көрсетіле бастайды.
Сурет: instagram.com/yessentayeva_official
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina