- Негізгі бет
- Музыка
- Онлайн-олжа: табыс әкелген...
Онлайн-олжа: табыс әкелген тыныштық
Spotify музыкалық сервисі әр тыңдалған ән үшін орындаушыларға ақы береді. Егер тыңдарман әнді 30 секундтан ұзақ уақыт тыңдаса, сервис әншінің авторлық құқығы негізінде жиналған тыңдалым саны бойынша ақша төлейді. Мұны америкалық "Vulfpeck" фанк тобы өз пайдаларына асырады.
Spotify сервисі әлемнің біршама музыка тыңдарманының смартфонынан табылады. Сервистің қазір 170 миллионнан астам белсенді тыңдарманы бар және Spotify 35 миллионнан асып жығылатын әндерден тұрады. Жаңа шыққан топ альбомдардың барлығы осы сервиске жүктеліп тұрады. Бұл сервис өздеріне жүктелген әндердің орындаушыларына қарапайым шарт негізінде ақы төлейді: ән 30 секундтан көп тыңдалса болғаны.
2014 жылы "Vulfpeck" фанк тобы турне жасау үшін қаражат жинайды. Spotify сервисінің авторлық құқыққа төленетін ақысынан да біршама қармап қалу мақсатында олар "Sleepify" атты альбомды сервиске жариялап жібереді. Қызық болғанда, альбомда әндер емес, тек тыныштықтан тұратын 10 жазба болады. Әрбірінде ешқандай дыбыс жоқ және барлығы кемінде 30 секундтан тұрады.
"Sleepify" альбомы
1) Z 0:31
2) Zz 0:32
3) Zzz 0:32
4) Zzzz 0:32
5) Zzzzz 0:31
6) Zzzzzz 0:32
7) Zzzzzzz 0:32
8) Zzzzzzzz 0:32
9) Zzzzzzzzz 0:31
10) Zzzzzzzzzz 0:31
Ешбір дыбысы жоқ "әндерді" кім тыңдауы мүмкін деген күмән тууы заңды, бірақ топ өз тыңдармандарына альбом жайлы ескертіп, түнде ұйықтар алдында альбомды қосып қоюларын өтінеді. Альбомды "бір тыңдап шығу" 5 минут уақытты алатындықтан, тыңдармандар үшін бұл түк емес еді.
Бұл жайт сервис назарынан тыс қалмайды. Spotify кейін альбомды өшіріп тастайды. Бірақ, Vulfpeck тобына заңды түрде өздеріне тиесілі ақысын төлейді. Сөйтсе, альбомдағы әндер 5.5 миллион рет тыңдалған екен. Сервис соған сай 20 мың доллар ақша төлеп, альбомға "ақылды айла" деген баға береді.
Massaget.kz