"Өмір-өзен" - халыққа отыз жылдан кейін жеткен ән

"Өмір-өзен" - халыққа отыз жылдан кейін жеткен ән

Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың небір әндері халық жадында сақталып қана қоймай, алып қазынаға айналғандай. Шәмшінің кез келген әні бір әлем іспетті. Әрқайсысының өз тарихы, өз жолы, өз орындаушысы бар. Сол әндердің бірі  - «Өмір-өзен».

Бұл ән өткен ғасырдың 70-80 жылдарында жазылғанменен ол халыққа кешігіп жеткен болатын. Ән мәтінінің авторы қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов. Ақын «Өмір-өзен» өлеңін жалындаған жастық шағында жазған екен. Өлең ақынның өмірге деген құлшынысы зор, болашаққа деген сенімі мол кезде үлкен шабытпен дүниеге келсе керек. Кейін өлең жолдары Шәмші Қалдаяқовтың қолына тиіп, ол ақын інісінің өлеңіне арнайы әуен жазып береді. Әуелі жаңа ән кішігірім басылымдарда жарық көреді. Бірақ, ән орындалмай, шаң басып қалады. Ақын Мұхтар Шаханов Қырғыз еліндегі Қазақстанның елшілігінде қызметте болған кезде мұрағаттарды ақтарып, іздеп жүріп «Өмір-өзен» әнін тауып алады. Араға отыз жыл салып ән халыққа жетеді.


«Өмір-өзен» әнін Жұбаныш Жексенұлы, Гауһар Әлімбекова, Гүлмира Ақүрпекова, Алтынай Жорабаева сияқты әншілер өз репертуарларына қосқан. Ал ән халыққа кеңінен әнші Алтынай Жорабаеваның орындауында жетеді. 2000 жылы әнші «Өмір-өзен» әнін репертуарына қосып, бейнебаян түсіреді. Елге әнші осы әнмен танылады. Уақыт өте келе «Өмір-өзен» әншінің бойтұмар әніне айналады.

Өмір-өзен

Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

Сөзін жазған: Мұхтар Шаханов

Біз екеуміз бәйшешектей ерте гүлдедік,
Қол ұстасып, бақыт жырын шертеміз дедік.
Қарсы жүріп үйренсек те қар мен жаңбырға,
Бірақ қарсы тұра алмадық асау тағдырға.

Қайырмасы:
Жылдар,
Өмірдің өзенімен,
Ағады кезегімен.
Сенсің көңілі ашық,
Менің ғашық ғасырым.
Ертеде де, кеште,
Тұрасың сен есте,
Мен өшсем де өшпе, асылым.

Алуан гүлдер шуақ шашты бүгін бақшамда,
Қызғанбаймын, басқа ошақтың отын жақсаң да.
Өмір мынау - бақ пен қайғы күнде жарысқан,
Ақ тілекпен қол бұлғайсың әркез алыстан.

Қайырмасы:
Жылдар,
Өмірдің өзенімен,
Ағады кезегімен.
Сенсің көңілі ашық,
Менің ғашық ғасырым.
Ертеде де, кеште,
Тұрасың сен есте,
Мен өшсем де өшпе, асылым.

Жалғыз аққу таудан асып, қайтып барады,
Сағынышын әнге қосып айтып барады.
Сол ерке құс мұңын жалғап ерте көктемде,
Мені есіңе ал, ауылыңнан ұшып өткенде.

Қайырмасы:
Жылдар,
Өмірдің өзенімен,
Ағады кезегімен.
Сенсің көңілі ашық,
Менің ғашық ғасырым.
Ертеде де, кеште,
Тұрасың сен есте,
Мен өшсем де өшпе, асылым.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: m-shahanov.kz, 31.kz, yvi.kz

 

Ғ. Ұзақ