Нұржан Қалжанның бойтұмар әні - "Бұлбұл құс"

Нұржан Қалжанның бойтұмар әні - "Бұлбұл құс"

Ол «Жас қанат» байқауында топ жарып, жеңіске жетті. Байқаудан кейін оның есімі халыққа кеңінен танылып, ол талай қыздың жүрегін жаулады. Оның есімі – Нұржан Қалжан. Әуелгі бастан халық әндерін шырқаған ол қазақ эстрадасынан өзіндік орнын таба білді.

Әншінің орындауындағы «Бұлбұл құс» әні жарыққа шыққан бойда үлкеннің де, кішінің де құлағын селт еткізген еді. Бұл ән радио және телевизиялық бағдарламаларда жиі көрсетіліп, кеңінен танылды. Көп ұзамай әнші аталған әнге бейнебаян түсірді. «Бұлбұл құс» әнін дүниеге әкелген Қытайда тұратын Ахметжан Рабжанұлы есімді қазақтың жас жігіті.

Ахметжан Рабжанұлы 1984 жылы Қытайдың Іле-қазақ облысы, Моңғолкүре ауданында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге жақын болып өскен ол есейе келе көркемөнер орталығында музыкалық білім алып, өз өнерін шыңдады. Қазақтың халық әндерін нақышына келтіріп орындаумен қатар, ол өзі ән шығара бастайды. Атамекеннен жырақта жүріп, қазақ эстрадасының жұлдыздарымен тығыз шығармашылық байланыс орнатады.

«Бұлбұл құс» әні әншінің ән қоржынына сол кездегі продюсері Қыдырәлі Болмановтың арқасында енді. Продюсер Қытай еліне кезекті сапармен барғанда бір концертте «Бұлбұл құс» әнін естіп қалады. Кейін «Қазақстанға барғанда өз репертуарыма қосамын» деп әнді елге алып келеді. Бірақ, бұл әнді өз қамқорлығындағы жас өнерпаз Нұржанның орындауында дұрыс көреді. Өнердегі ағасының ақылына сүйеніп, Нұржан әнді жоғары деңгейде орындап, продюсер сенімін ақтайды. Бұл өте сәтті шыққан әндердің бірі.

Сезімге толы «Бұлбұл құс» әнінің, өкінішке орай, қалай дүниеге келгені беймәлім. Себебі, бұл хақында ән авторы Ахметжан Рабжанұлы аса көп тіс жармайды. Айдан анығы әсем ән үлкен махаббаттан туған.

Бұлбұл құс

Әні мен сөзін жазған: Ахметжан Рабжан

Орындаушысы: Нұржан Қалжан

 

Сағым болып кеттің, еркем,
Сағынумен күні-түн.
Сарқылғандай бар сезімім,
Сорлы жүрек дір етті.

Сағым болып кеттің, еркем,
Сағынумен күні-түн.
Сарқылғандай бар сезімім,
Сорлы жүрек дір етті.

 

Қайырмасы:

Бұлбұл құсым, жырақтама,
Жанымды отқа бөлеші.
Сүйем сені, бірақ қана,
Ұмыт мені демеші, демеші!

 

Жанарға жас ұялады,
Жыламауға көнбейді.
Сезім сырын жиі алады,

Кетсең-дағы сенбейді.
(Кетсең де алыс сен мейлі)

Өтті күндер, зымырады,
Білем қайта келмейді.
Демім іштей сығылады,
Кеудемді мұң кернейді.

 

Қайырмасы:

Бұлбұл құсым, жырақтама,
Жанымды отқа бөлеші.
Сүйем сені, бірақ қана,
Ұмыт мені демеші, демеші!

Суреттер: dastan-studio.kz

Ғ. Ұзақ