- Негізгі бет
- Музыка
- «Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы...
«Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы және жаңа қазақстандық патриотизм» конференциясы өтеді
2017 жылы 30 наурыз, сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы және жаңа қазақстандық патриотизм» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет. Сүйікті шығармаларымыз ішінде ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған. Одан бөлек қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған.
Тілендіұлы Нұрғиса музыкасын жазған М.Әуезовтің, Ш.Аймановтың, Т.Ахтановтың, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан» фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналған.
1981 жылы “Отырар сазы” қазақтың мемлекеттік фольклорлық-этнографиялық оркестрін құрып, өмірінің соңына дейін соған жетекшілік етті. Тілендиев “Алтын таулар” (Қ. Қожамияровпен бірлесіп) операсының, “Достық жолымен” (Л. Степановпен бірлесіп) балетінің, “Ата толғау”, “Аққу” оркестрлік поэмасының, 40 шақты ән мен романстардың авторы. 100 спектакльге, көркемдік құжатты және мультипликациялық фильмдерге музыка жазды. Тілендиев шығармаларынан қазақтың халық музыкасына тән әуезділік, лиризм, азаматтық пафос пен динамизм ерекше үндестік тапқан.
Ұйымдастырушылар: Нұрғиса Тілендиев атындағы Халықаралық қоғамдық қоры, «Ақ орда» республикалық қозғалысы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Алматы қалалық ардагерлер Кеңесі және т.б.
Конференция материалдары кітапша болып шығарылады. Келушілерге есік ашық.
А. Оралқызы