Музыканың тіл үйренуге пайдасы бар

Музыканың тіл үйренуге пайдасы бар
Фото: escuelaacordes.com

Шетелдік ғалымдар музыканы түсінетін адам басқа тілдерді де тез үйренеді дейді. Музыкамен айналысу есту қабілетін арттырып, түрлі дыбыстарды, дауыс тембрі мен деңгейін ажыратуға көмектеседі. Біз сөйлеушінің дауыс ырғағына, екпініне көңіл бөлу үшін дауыс тембрі мен деңгейін ажырата алуымыз қажет. Музыкамен шұғылдану тіл үйренуге қалай көмектесетінін анығырақ айтсақ.

Солтүстік-Батыс университетінің (АҚШ) ғалымдары орта мектепке қабылданған 40 жасөспірімді таңдап алып, оларды мектеп бітіргенге дейін бақылап жүрген. Бұл оқушылардың жартысы музыка үйірмесіне жазылып, музыкалық аспаптармен аптасына 2-3 сағат жаттыққан. Ал қалған оқушылар сол аралықта спорт үйірмелеріне қатысып жүрген.

Оқушылардың шет тілін меңгеру деңгейі жіті қадағаланып отырған. Барлығы жақсы көрсеткішке ие болған. Музыкамен айналысқан оқушылар үздік атанған. Олардың (музыка үйірмесіне қатысқан оқушылардың) соңғы емтихан кезіндегі жауаптары оқу басталған кездегі жауап беру деңгейінен әлдеқайда жоғары екені анықталған. Музыкалық аспаптарда ойнаған оқушылар дыбыстық реңктерге аса мән берген. Яғни, олар тәжірибе мен заңдылықтарды байланыстыра отырып, тіл меңгеру кезінде де музыкалық сауатын пайдаланған. Дыбыс екпіні, сөйлеу мәнері қай тілде қалай көрінетінін музыкалық заңдылықтармен ұштастырған екен.

Эксетер университетінің (Англия) ғалымдары музыканың кітап оқумен тең екенін, оның адам санасына кітап оқығандай әсер қалдыратынын айтады. Анығырақ айтсақ, сүйікті кітабыңыздан алған әсер мида сақталса, жағымды музыка да мидың дәл сол аумағында сақталып отырады. Бұл қорытындыға келу үшін ғалымдар мынадай тәжірибе жасаған. Тәжірибеге тіл мен әдебиет бағытында оқитын 13 студент қатысқан. Олар жағымды ән тыңдап және сүйікті кітабын оқыған кезде, бастарын томографиялық сканерге түсірген. Нәтижесінде музыка тыңдағанда да, кітап оқығанда да мидың қабылдауы бірдей көрсеткіш көрсеткен. Тәжірибе қорытындысы бойынша, музыка тек мәдениетте ғана емес, адам миында да негізгі рөл атқаратыны дәлелдеген.

Кішкентай кезінде әуелетіп айтып жүрген шетел әндері баланың тілін дамытады екен. Яғни, ол кішкентай кезінен бастап өз тілімен өзге тілді салыстырып, айырмашылығын, ерекшелегін, айтылу мәнерін танып алатын көрінеді. 

 
Е. Жұмабайұлы