Дүние есігін ашқан бойда адам құлағы неше түрлі әуенді естиді. Бірі жағымды, бірі жағымсыз, бірі қорқынышты, ал енді бірі жан сергітерлік. «Әлдиден» бастау алатын әуезді музыкалар адам санасына да, физиологиялық тұлғасына да әсер етеді екен.
Бұл ежелгі дәуірден дәлелденіп келе жатыр. Мысалы, Көне Мысырда ұйқысыздықты хордың ән шырқауымен емдеген екен. Ал Ежелгі Қытайда музыка буын және қан тамырлары ауруына ем болған. Антика дәуірінің философтары музыка терапиясы туралы трактаттар жазған. Олай болса, музыканың адам ағзасына қалай әсер ететінін байқап көрейік.
Музыка күш сыйлайды
Ғалымдар адам физикалық күш жұмсағанда, бұлшықет шамадан тыс қызмет атқарған кезде музыка тыңдап жүрсе, ол оның жұмыс жасау қабілетін екі есе арттырады екен. Жаттығу залында жүргенде, жүгіргенде спортшылар құлаққаппен ән тыңдап жүреді. Бұл сол зерттеудің нәтижесінен алынған. Жігерлендіріп, рух сыйлайтын әуендер тез қозғалуға мүмкіндік береді. Әр нотаның бұлшықетке берері көп.
Музыкалық фон уақыттың өтуін баяулатады
Көпшілік жүретін жерде міндетті түрде музыка қосылып тұрады. Дүкен, әуежай, супермаркет, вокзал – барлығында. Бұл сатушының не кассирдің көңілін көтеру үшін қосылып тұрмайды. Лаундж, блюз немесе осылар секілді баяу әуендер адамның сол кеңістікте қосылып тұрған әуенмен жай жүруіне әсер етеді. Әуен осы уақыт аралығында адам санасын тыныштандырады. Адам асығып тұрғанын да ұмытып кетуі ғажап емес.
Музыка наркоз ретінде де әсер етеді
Кей музыка ота үстелінде жатқан науқастың ауруын сездірмейтін күшке ие бола алады. Адамның жүйке жасушасын ұйықтата алатын әуендер қан айналым жүйесін де бірқалыпта ұстап тұрады.
Ырғақ пен үндестік иммунитетті нығайтады
Зерттеушілер белгілі бір ырғақ пен үндестік адам ағзасының иммунитетін көтеретінін айтады. Мәселен, қоңырау үні, тибет ыдыстарының даусы, т.б. Олар ағзадағы микробтарды, жағымсыз заттарды өлтіре алады.
Музыкотерапия жадты жаңғыртады
Жағымды әуен есте сақтау қабілетін арттырады. Мидың ақпарат сақтау қорына жауап беретін гиппокамп аталатын бөлігіне музыкотерапияның пайдасы зор. Психологтардың көпшілігі әңгіме-сұхбат барысында жай әуен қосып қоюды құптайды.