Роман Бұрқаш Қызылорданың Қазалы қаласының тумасы. Музыкант. Атасы бабасына тартқан атақты күйші болсын деп, жас кезінен домбыра тартып үйреткен. Осы арманмен ол Шымкентте музыка коллежінде тәлім алған. Әкесі бұл оқып жүргенде ырымдап, арнайы шеберге тапсырыспен домбыра жасатып берген. Бірақ кейіпкеріміз жылдар өте келе сол кезде діндар жастар арасында кең тараған дұрыс емес діни уағыздарға ұрынып, музыканы "харам" деп санай бастаған. Соның салдарынан ата аманаты – домбырасын сатып жіберген. 10 жылдан кейін бұл ісінің қате болғанын түсінген ол домбырасын қайтадан іздеген.
Арғы бабам Сыр өңіріне белгілі күйші болған
Қазалыда ата-әжемнің қолында өстім. Атамыздың қолынан домбыра үйрендім. Отбасымыздың барлығы домбыра тартады. Атамыздың атасы Сыр өңіріне белгілі Қаратөс Аймағанбет деген күйші болған. Күйшілік отбасымызда атадан балаға жалғасып келе жатқан өнер еді. Атамның басты арманы мені күйші қылу еді. Менде күйші болудан басқа ой болмады. Сол мақсатпен 2005 жылы Шымкенттегі Саз коллежіне домбыра класына оқуға түстім. 2007 жылы әкем Азат деген шеберге тапсырыспен полисандра ағашынан 400 долларға домбыра жасатып, сыйлады. 17 жасар баламын ғой, қатты қуандым. Ол кезде колледжде оқитын домбырашылардың бәрінде бірдей сапалы домбыра бола бермейтінін ескерсек әкемнің сыйлығы шынымен құнды болатын.
Атамның алдында күй тарту мен үшін үлкен мақтаныш еді
Тек шертпе күйлерге икемім болғасын домбырамның бұрауын оркестрде және концертмейстермен қосылып ойнайтын кезде ғана сольға келтіретінмін. Басқа уақыттарда тек реде тұратын. Содан болар домбырамның бауыры жұмсақ, даусы қоңыр еді. Тіпті филармонияда істейтін ұстаздарымыздың өзі соло ойнайтын кездері осы домбырамды сұрап алатын. Даусына қызығып сатып аламын деп көп ақша ұсынғандар да болды. Ешқайсына сатқан жоқпын.
Ауылға аз уақытқа барсам да атама күй тартып беру үшін домбырамды арнайы алып баратынмын. Сол үшін оның алдында күй тарту мен үшін үлкен мақтаныш еді.
Консерваторияда оқитындардың басты сұрағы "музыка харам ба, халал ма?" болатын
Колледж бітіргесін Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түстім. Домбырада бәсеке көп болғасын сыбызғыны таңдадым. Талғат Мұқышев класында тәлім алдым. Ол кездері студент жастар арасында намаз оқу үлкен тенденцияға айналды. Дарынның уағыздары тарап жатты. Косерваторияда оқитындардың басты сұрағы "музыка харам ба, халал ма?" еді
Менде соларға еріп намаз оқып, діни аудио уағыздар тыңдай бастадым. Жаспыз ғой, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмедік. Уағыз дегеннің бәріне пайғамбар сөзіндей иландық, қатты әсерлендік. Көп ұзамай мұртты қырып тастап, сақал қоюды шығардық. Көрінгенге қорқынышты уағыз айтып кете беретін, қараптан қарап, алдымдағы адамның жағдайын, діни сауатын ескерместен бірден өліммен қорқытып, қит етсе болды бәрін Құдайдың азабымен үркітетін аяр дінпазға айналдық. Әлдебір діни топтың ықпалына түсіп музыканы менсімбеуді шығардық. Содан бастап домбыраммен арамыздағы ыстық сезім суи бастады.
Домбырамды 70 мың теңгеге сатып жібердім
Сыбызғы класында оқысам да домбырамды ауық-ауық қолға алып тұрушы едім. Уақыт өте келе төбеде ілулі тұратын домбырамды футлярына салып төсектің астына тастадым. Ең сорақысы көп ұзамай сол домбырамды бөлмеде бірге тұратын жігітке 70 мың теңгеге сатып жібердім. Ол ақшаға қалаға келерде әкемнің жұмсарсың деп берген ақшасын қосып ноутбук сатып алдым да ішін аудио-видео уағызға, өлім жайлы, тозақ жайлы видео роликтерге толтырып тастадым. Бұрын менен домбырамды сұрап келетін достарым енді ноутбугымдағы уағыздарды сұрап келетін болды. Сол кездері өзімді үлкен сауапты іс жасап жүргендей сезіндім. Домбырамнан құтылғанымды айтып намаз оқитын достарымнан сүйінші сұрайтынды да шығардым.
Оқуды тастап "Исламтану" мамандығына ауыстым
Көп өтпей 2-курстан соң консерваторияны тастап, "Нұр-Мүбәрак" университетіне "Исламтану" мамандығына оқуға түстім. Бұл шешіміме үйдегілер қатты қарсы болмаса да, «домбыраны, музыканы бекер тастадың» деген сияқты сыңай танытты. Оларға ғылыммен айналысқым келетінін айтып, түсіндірдім. Айналадағы достарым да сиреп, араласа алмай қалдым. 2015 жылы «Нұр-Мүбәракты» аяқтағасын, діни оқуымды жалғастыру үшін Түркияға кеттім. Жалпы, дінді 8 жыл оқыппын. Соңында қазіргі діни түсініктердің дұрыс емес екені, уахабистік, консерватизм сияқты нәрселердің теріс әсер ететінін білдім.
Дінге кірген адам, интеллектуалды өнер мен білімнен ажырап қалады
Біздегі дін, діни түсінік дәстүрліден ауытқып кеткен. Қолдан жасап енгізген сияқты. Дәстүр, тарихымызбен қабыспайды. Дінге кірген адам, интеллектуалды өнер мен білімнен ажырап қалады. Бірақ қазір түзелді, сауатты діндар жігіттер бар. Біздің кезімізде дінге келген адам оқуын тастап кетіп, басқа мамандыққа ауысып кететін. Егер дін адамның айналысып жүрген кәсібіне немесе өнеріне кері әсерін беретін болса, демек ол дінде бір кілтипан бар. Мысалы, ақын-жазушы жігіттерді де көрдік дінге келіп, тар түсініктерге ұрынып кеткенін.
Уақыт өте музыканың дінімізде ешқандай да харам емес екеніне көз жеткіздік
Арада бірнеше жыл өткен соң сауатты, парасатты дінтанушы мамандармен танысып дінге, музыкаға деген көзқарасым күрт өзгерді. Ішімдегі баяғы аяр дінпаз Романның бейнесі жәйлап өше бастады. Діннің кезінде жастана тыңдайтын аудио уағыздарда айтылғандардан әлдеқайда ауқымды екенін ұғындық. Музыканың дінімізде ешқандай да харам емес екеніне көз жеткіздік. Өлең — сөздің мәйегі болса, музыка —дыбыстың мәйегі екенін ұғындық. Содан кейін музыкаға, әдебиетке, киноға деген қызығушылығымызды қайта оята бастады. Ал кезінде сатып жіберген домбырам сол күйі ұмытулы қалды. Ешқашан есіме де алмадым, іздеу де салмадым.
Домбыраны сатып алған жігітті таптым
10 жыл бұрын әлдебіреуге сатып жіберген домбырамның соншалықты құнды екенін ұғына түстім. Өзімді ұлттық өнерге, ата аманатына немқұрайлы қарағанымды ойлап қатты қызардым. Содан дереу домбырамды, оны сатып алған жігітті іздеуге кірістім. Таныс-тамырдан сұрастырып жүріп домбырамды сатып алған жігітті тауып алдым. Бір университетте мұғалім екен. Инстаграм парақшасына кіріп домбырамның әлі соның қолында екеніне көз жеткіздім. Сөйтіп вацап номеріне хабарласып домбырамды қайта сатып алғым келетінін айттым. Өкінішке қарай танысым домбырамды, яғни домбырасын сатпайтынын айтты. Бірақ мен қатты қаймыға қойған жоқпын. "Бастысы домбырамның бауыры бүтін, нағыз маманның қолында" деп өзімді жұбатып жүрдім.
Осы оқиғадан көп сабақ алдым
Бірақ жақында сол жігіт азаматтық жасап, домбырамды өзіме қайтып берді. Есесіне осы оқиғадан көп сабақ алдым. Тарихи санам оянды. Дұрыс емес діни ағымдардың ұлттың ұлт болып қалуына қандай зақым келтіретініне көзім жетті. Бұдан былай жасаған қателігімді балаларымның және де өзге адамдардың қайталамауына үлес қосып өтемін.